Бүгін Оралдағы «Өрлеу» филиалының ұйымдастыруымен БҚО Бәйтерек ауданы Жамбыл ЖОББМ «Нақты өзгеріс: оқу сапасын жақсарту үшін Lesson Study және Action research зерттеулерін қалай пайдалануға болады?» тақырыбында екі күндік семинар басталды.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ «БҚО КДИ» Кәсіби білім беру кафедрасының меңгерушісі Сәнім Әбитованың жетекшілігімен өткен семинарға Бәйтерек ауданы, Жамбыл ЖОББМ-тің мұғалімдері қатысты.
Семинар мақсаты: Lesson study және Action Research шеңберінде мұғалімдерді курстан кейінгі қолдау мәселелерін зерттеу.
Семинар жұмысын Сәнім Әбитова алғысөзбен ашып, іс-әрекетті зерттеу технологиясының тарихы мен әдістемесі, іс-әрекеттегі зерттеуді жүргізудің негізгі кезеңдері мен алгоритмін анықтау барысында айтып өтті.
«Өрлеу тренерлері Анаргүл Абдрахманова, Жансая Узахова «Оқытуды жақсарту үшін іс-әрекеттік зерттеудің көлемі мен мәселесін анықтау», «Технологияның тарихы мен әдістемесіне кіріспе Lesson study. Іс-әрекеттегі зерттеуді жүргізудің негізгі кезеңдері мен алгоритмін анықтау»,
«Lesson study және Action research технологияларының салыстырмалы талдауы. Курстан кейінгі қолдауда мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін дамытудың жеке траекториясының жоспарын құру» тақырыптарында іс тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар барысында мұғалімдер сабақты зерттеу үрдісінің мазмұнының негізгі бағыттарын және қажетті білім мен дағдыны тереңірек меңгеруге мүмкіндік алды. Сондай-ақ кездескен кедергілер мен жетістіктері туралы мәселелер де ортаға салынды. Оқыту проблемаларын ынтымақтастықта шешуді ұйымдастыру, ұстаздардың командалық жұмысын ұйымдастыру, мектептегі үдерістерді жоспарлау, зерттеу үдерісіне қорытынды жасау жолдары қарастырылды.
Мектеп мұғалімдері мазмұнды тақырыпта ұйымдастырылған семинар жұмысын жоғары бағалап, «Өрлеу» ұжымына алғыстарын жеткізді. Семинар 26 қаңтар күні де жалғасын табады.


