«Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқан күні оның мұғалімдігі жойылады» – деп Константин Ушинский айтқандай мұғалім білім және тәрбие саласындағы өзгерістер мен толықтырулармен үнемі хабардар болуы керек.
Мұғалімдердің шығармашылығын жетілдіруде кәсіби даму, іс-тәжірибелер алмасу – бұл заман талабы. Осы орайда, 2023 жылдың 17 қарашасында Алматы облысы, Талғар ауданы, №13 орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған Өрлеу Алматы облысы бойынша кәсіби даму институтының аға оқытушысы Айгүл Байұзақованың ұйымдастыруымен «TIMSS, PIRLS халықаралық зерттеулер аясында бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру» тақырыбында семинар өтті.
Семинарға Алматы облысының 23 бастауыш сынып мұғалімдері мен Талғар ауданының әдістеме кабинетінің меңгерушісі Г.Алтыбаева және мектеп әкімшілігі қатысты.
Іс-шараның бірінші бөлімінде тірек мектептің бастауыш сынып мұғалімдері сыныптан тыс жұмыстары мен ашық сабақтарын көрсетсе, екінші бөлімінде ауданнан келген әріптестері өз тәжірибелерімен бөлісті.
Тәжірибе алаңында мұғалімдер заманауи әдістер мен технологиялар арқылы оқу, математикалық және жаратылыстану сауаттылығын дамыту тапсырмаларын қарастырып, қолдану жолдарын көрсетіп өтті.







