Еліміздің білім беру саласында жаңа идеялар мен инновациялық шешімдерді қолдау, педагогикалық үдерістерді жетілдіру мақсатында түрлі бастамалар жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы маңызды байқаулардың бірі – «Педагогикалық идеялар панорамасы».
Байқау мақсаты – пәнаралық негізде білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту саласында педагогтердің өзара қарым-қатынасының заманауи педагогикалық тәжірибесі мен үздік практикаларын тарату және танымал ету.
Оралдағы «Өрлеу» Кәсіби даму институтында 14 қараша күні жыл сайынғы дәстүрлі байқаудың өңірлік кезеңі жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтті. Салтанатты кешке институт қызметкерлері мен қатысушылар, тыңдаушылар , БАҚ өкілдері қатысты.
Мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдары үшін республикалық бейнесабақтар мен бейнедәрістер конкурсының өңірлік кезеңіне жалпы 479 жұмыс келіп түскен болатын. Байқау барысында қатысушылар өздерінің тың ойларын, тиімді педагогикалық жобаларын – дәріс, сабақ, зертханалық жұмыс, семинар, шеберлік сынып, сандық білім беру ресурсы, бейнеподкаст арқылы ортаға салды.
Сараптамалық комиссия ерте сауаттылық, оқу сауаттылығы, математика, жаратылыстану- ғылыми, сандық, медиа-ақпараттық, қаржылық, экологиялық, денсаулық сақтау, мәдениетаралық сауаттылық және азаматтық-құқықтық сауаттылық бағыттары бойынша жеңімпаздарды анықтады. Нәтижесінде 102 педагог жүлделі орындарды иеленді. Оның ішінде 19 педагог 1-орын иеленіп, республикалық байқауға жолдама алды. Атап айтсақ:
- Ерте сауаттылық аталымы бо-йынша (мектепке дейінгі тәрбие және оқыту): Айгүл Алигазиева – №44 «Мерей» бөбекжайы педагогі:
- Оқу сауаттылығы бойынша: Ұлжанай Сагаденова, Тұрақ Мағзомов, Арайлым Магзумова – Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі;
- Математикалық сауаттылық бағыты бойынша: Гүлайым Утегенова – Казталов ауданы, Казталов мектеп-лицейі;
- Жаратылыстану-ғылыми сауат-тылық бағыты бойынша: Перизат Кеңесова – Қаратөбе ауданы, «Шөптікөл» мектеп-бөбекжай-балабақша кешені;
- Цифрлық сауаттылық бойынша: Мұхтархан Айдынғалиев, Бекзат Залипов – Бәйтерек ауданы, Абай атындағы мектеп-гимназия интернаты;
- Қаржылық сауаттылық бойынша: Данегүл Аймурзиева, Назерке Ихсанова – Орал қаласы, Қадыр Мырза Әлі атындағы №47 ЖББОМ;
- Экологиялық сауаттылық бойынша: Самал Есқожина, Ләззат Сүлей-менова, Қаратөбе ауданы, Қ.Жұмалиев атындағы Қаратөбе мектеп-гимназиясы;
- Денсаулық мәселелеріндегі сауаттылық (медициналық сауаттылық) бойынша: Аслан Дакешев, Ақзила Дакешева – Бәйтерек ауданы, Қ.Аманжолов атындағы ЖББОМ;
- Әлеуметтік-эмоционалдық сауаттылық бойынша: Тоғжан Хаирова, Бөкей ордасы ауданы, М-С.Бабажанов атындағы ЖББОМ;
- Медиа-ақпараттық сауаттылық бағыты бойынша: Бибігүл Габдрахманова, Шынар Насиболла – Орал қаласы, №41 мектеп-лицейі;
- Азаматтық-құқықтық сауаттылық бойынша: Зульфия Хайруллина, Бәйтерек ауданы, Қ.Аманжолов атындағы ЖББОМ;
- Мәдениетаралық сауаттылық бағыты бойынша: Жеңіс Хамзин – Орал қаласы, Д.Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясы.
Марапаттау салтанатында институт директоры Софья Салахиденқызы сөз алып, орын алған ұстаздарды құттықтады.
Биылғы марапаттау рәсімінің ерекшелігі – шараға өткен жылғы байқау жеңімпаздары арнайы шақырылды. Олар жетістіктерінің қыр-сырын айта отырып, жеңіске жетуге жігерлендірді және жеңімпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыстады.
Дәстүрлі өткізілетін бұл байқау педагогтердің шығармашылығын ынталандырып, білім беру үдерісіне оң өзгерістер енгізері сөзсіз.










