Бүгін Кәсіби даму институтының директоры С.С.Құрманбекова аудандық, Тараз қалалық білім бөлімдерінің әдістемелік кабинет меңгерушілерімен, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қызметкерлерімен онлайн кездесу өткізді.
Кездесу аясында «Мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру ұйымдарына арналған 2023 жылғы «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық бейнесабақтар және бейнедәрістер конкурсы туралы Ереже талабына сай ұйымдастыру және өткізу шараларын таныстырды.
Конкурс аясында педагог мәртебесін нығайтуға және кәсіби құзыреттілігін арттыруға жәрдемдесу, заманауи педагогикалық тәжірибені тарату және пәнаралық негізде білім алушылардың ерте функционалдық сауаттылығын дамыту саласындағы педагогтердің үздік тәжірибелерін насихаттауға болатындығы туралы түсіндірілді. Биылғы ерекшелік – конкурс бағыттарында өзгерістер функционалдық сауаттылыққа негізделетінін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар Институт директоры Сұлушаш Сәтбекқызы Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғ.Б.Бейсембаевпен ү.ж. 12 мамырында өткен кездесуде берілген тапсырмаларды жергілікті жерде жүзеге асыру, яғни облыс көлемінде шығармашыл, үздік ұстаздардың деректер қорын жинақтап, олардың кәсіби әлеуетін, шығармашылық жетістіктерін, тың идеяларын білім саласын дамытуға пайдалану туралы пікірімен бөлісті. Осы бағытта облыстық оқу-әдістемелік кабинетпен бірлесе отырып, ауқымды жұмыстар атқару көзделген.