«ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИДЕЯЛАР ПАНОРАМАСЫ – 2025» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Астанада «Педагогикалық идеялар панорамасы – 2025» республикалық бейнесабақтар мен бейнедәрістер байқауының қорытындысы шығарылды. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен 2018 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан конкурсқа биыл еліміздің барлық өңірінен рекордтық 16 мыңнан астам педагог қатысты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп.

Салтанатты жиында алғы сөз сөйлеген ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Бекболатұлы Жұмашев жүлдегерлерді кәсіби жетістіктерімен құттықтап, конкурстың маңызы мен сапасы жыл сайын артып келе жатқанын ерекше атап өтті. Сонымен бірге, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының серіктесі саналатын ҚР Ұлттық банкі, British Council Kazakhstan, ЮНЕСКО, STEM Solutions өкілдері байқау жеңімпаздарына функционалдық сауаттылық бағыттарына сәйкес қосымша сый сияпаттарын табыстады. Бұл бастама байқаудың өзектілігін арттырып, оның халықаралық сараптамалық деңгейге жақындауына ықпал етті.

Педагогтер 7 сауаттылық бағыты бойынша 1, 2, 3 дәрежелі дипломдар мен ақшалай сертификаттарға ие болды. Әр бағыт бойынша YouTube-те ең көп қаралған бейнемазмұндардың авторлары да анықталды.

Айта өтейік, байқау екі кезеңнен тұрады: өңірлік және республикалық. Биылдан бастап өңірлік кезеңге қатысу кезінде бейнеролик ұсыну талабы алынып тасталды. Яғни, педагог алдымен өз идеясын жазбаша түрде негіздеп, республикалық кезеңге өткен соң ғана оны бейнеформатта ұсынды. Ұстаздарға барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында биыл өтінім қабылдау алғаш рет арнайы онлайн-платформа ( ppi.orleu.edu.kz ) арқылы жүзеге асты. Конкурс талабы бойынша жұмыстар 3 тілде, 7 бағыт бойынша қабылданды. Атап айтқанда: оқу сауаттылығы, математикалық, жаратылыстану-ғылыми, цифрлық, экологиялық, мәдениетаралық және қаржылық сауаттылық.

Енді жеңімпаздар ТМД елдерінің педагогикалық шеберлік фестиваліне қатысып, өз тәжірибесін халықаралық деңгейде таныстыру мүмкіндігіне ие болады. Ең маңыздысы – байқау нәтижелері педагогтерді аттестаттау барысында ескеріледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Наши филиалы

OUR BRANCHES

Біздің филиалдар