Наурыздың 1-і мен 14 күндері аралығында өңіріміздің педагогтері үшін Павлодар облысының білім беру басқармасының жанынан құрылған мобильді топ облыстағы мектепке дейінгі, орта, қосымша, арнайы, ТжК білім беру ұйымдарының барлық педагогтеріне «Педагог қызметкерлерді аттестациялау ережелері мен шарттары» жобасы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мобильді топ құрамында облысымыздың білім беру саласының білікті мамандары, ал жетекшісі Өрлеу-Павлодар филиалының директоры Роза Ашимбетова болды. Барлығы ұйымдастырылған жетпістен артық кездесулерде облысымыздағы 12 мыңға жуық мұғалімдердің 9 мыңнан астамы түсіндірме жұмыстарымен қамтылды.
Кездесулер барысында аттестациялаудың жаңа ережелері, мұғалімдерді бағалау критерийлері, өтпелі кезең ерекшеліктері, оқушылардың жетістіктері арқылы мұғалімнің қызметін объективті бағалау жүйесі түсіндірілді. «Ұстаз» электронды платформасының жобасымен таныстырылды. Ұстаздар қауымы жағынан жаудырылған сауалдар тіркеліп, оларға мобильді топ мүшелері жауап беріп, берілген ұсынымдарды жаңа ережелерді әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына бекіту кезінде тармақтарды ескеру үшін жолданды.

- 15 Мар
- 2024