Педагогтерді курстан кейінгі қолдау – кәсіби дамуға бағытталған маңызды қадам

Педагог қызметін курстан кейін сүйемелдеу – педагогтің курстан кейінгі қызметіне үздіксіз мониторинг жүргізу және әдістемелік, консультациялық көмек көрсету арқылы оның кәсіби құзыреттілігін дамытуды қамтамасыз ететін іс-шаралар жүйесі болып табылады.

«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалы мен Арал ауданы бойынша білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Бастауыш мектепте сандық білім беру ресурсын оқу үдерісінде қолданудың ерекшеліктері мен тиімділігі» тақырыбында бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған облыстық семинар өткізілді.

Әдістемелік шара сандық білім беру ресурсын оқу үдерісінде қолдану, білім алушылар үшін жаңа білім, іс-әрекет тәсілдерін, танымдық себептерді, зерттеушілік қабілетті қалыптастыруға бағытталған. Семинарға «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалының, аудандық білім бөлімінің өкілдері және 70-ке жуық бастауыш сынып мұғалімдері қатысты.

Аудан орталығындағы №220 орта мектепте ұйымдастырылған шараның ашылу салтанатында қатысушыларға көрме жұмыстары таныстырылды. Семинар барысында мектеп мұғалімдері «Дыбысты бәсеңдетуге бола ма?», «Топырақтың қандай қасиеті бар?», «My Toy Design. Project work», «Логикалық есептер», «Дәрумендердің пайдасы», «Дұрыс тамақтана біл!» тақырыптарында ашық сабақтар көрсетіп, түрлі платформалар мен технологияларды оқу үдерісінде тиімді қолдану бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.

Сонымен қатар, ата-аналар мен балалардың арасындағы байланысты нығайтып, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлін арттыруға ықпал ететін «Өмірім өнеріммен өрнектелген», «Жақсы бала – ата-ана қуанышы», «Баламмен бірге мектепке» тақырыбында танымдық жоба, кездесу кештері және шеберлік сыныптары өткізілді.

Әдістемелік семинардың қорытынды бөлімінде педагогикалық проблемаларды шешу, білім берудегі ортақ мақсаттарға жету үшін тиімді жұмыстарды жүргізу жолдары ұсынылып, кері байланыс берілді.

Наши филиалы

OUR BRANCHES

Біздің филиалдар