Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларының 4-курс студенттері 10 қараша – 5 желтоқсан аралығында «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша кәсіби даму институтының ұйымдастырған «Педагог идентификациясы: құзіреттілік және біліктілік» тақырыбындағы 72 сағаттық біліктілікті арттыру курсына қатысты.
Біліктілікті арттыру курсы болашақ педагогтердің кәсіби дамуына жаңа серпін беріп, білім беру жүйесіндегі заманауи талаптарға бейімделуіне мүмкіндік жасады.
Курс барысында студенттер:
– заманауи білім беру саласына қатысты инновациялық идеялармен, тиімді оқу және оқыту әдістемесімен танысты;
– тиімді сабақты жоспарлау қағидаттары мен әдістемесін талдап, білім алушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқу-танымдық қажеттіліктерін, оқу стильдерін, саралап оқыту, инклюзивті білім беру әдістемесін үйренді;
– критериалды бағалау жүйесінің қағидаттарын, құрылымын, мазмұнын талдап, бағалау құралдарын құрастырды;
– тиімді оқу мен оқытудың шарттары мен әдіс-тәсілдерін талдай отырып, жас педагогтердің эмоционалды интеллектісін басқару және эмоционалды күйреуінің алдын алу жолдарын меңгерді;
– алдағы педагогикалық қызметіне қажетті кәсіби құзіреттіліктер мен дағдылар жүйесін қалыптастырды.
Ректордың міндетін атқарушы Дана Абдрашева курс қатысушыларымен кездесіп, болашақ педагогтерді курсты сәтті аяқтауларымен құттықтады. «Өрлеу» Қызылорда филиалымен бірлескен жобаның маңыздылығына тоқтала келіп, біліктілік арттыру курсының пилоттық жобасын жоғары бағалады.
Курс соңында «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша кәсіби даму институтының директоры Қызжібек Абдраманова қатысушыларға арнайы сертификаттар табыстады.






