Бүгін Оралдағы «Өрлеуде» Оқу-ағарту министрлігі ұсынған «Педагог» кәсіптік стандарты жобасы талқыланды. Zoom платформасында өткен вебинарға облыстық, қалалық аудандық білім бөлімдері басшылары, әдістемелік кабинет мамандары, М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ өкілдері, мектеп директорлары, мектепке дейінгі білім бөлімдерінің басшылары, БҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысы, институт қызметкерлері, жалпы жүзге тарта педагог қатысты.
Вебинарда сөз алған институт директоры Софья Салахиденқызы кәсіби стандарт бойынша білім беру бағдарламалары, педагогтерді сертификаттау және аттестаттау рәсімдері, үздіксіз кәсіптік даму мазмұны әзірленіп, жаңартылғанын айтып өтті.
Алғаш рет «Педагог» ұлттық кәсіби стандартын «Атамекен» ҰКП әзірлеген болатын. Бұл кәсіби стандартта 5 еңбек функциясы көрсетіліп, педагог мамандығының құндылықтары айқындалған болатын. Алайда бұл құжат педагогке деген қоғамдық сенім мен құрметті толық нығайтуға, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің әл-ауқатын арттыруға, білім беру ұйымдарында оқыту мен дамытуды жақсартуға ықпал ете алмады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Педагогтің кәсіби құзыреттілігінің нақты шеңберін анықтауда жаңа буын «Педагог» кәсіби стандарты дайындалды.
Жаңа кәсіби стандарт жаңа буын «Ұстазына» оқытудың білім беру бағдарламаларының негіздерін, педагогтің біліктілігін арттыру және үздіксіз кәсіби дайындық мүмкіндіктерін айқындауға; басқа қызмет салаларындағы мамандарды қайта даярлаудағы басымдықтарды айқындауға; білім беру/тәрбиелеу және педагогтерді оқыту тәжірибесін, кәсіби міндеттемені, қоғамдық сенім мен құрметті қолдауды ұйымдастыруға; кәсіби қоғамдастықта оқыту/білім беру және тәрбиелеудегі педагогтің көшбасшылығын дамытуға мүмкіндік береді. Мұнда сонымен бірге педагогтер мамандығына қажетті білім, білік және дағдысына сәйкес ұлттық, салалық біліктілік шеңбері, негізгі және қосымша кәсіби қызметтің мазмұны нақты анықталған.
Вебинар модераторы директордың оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Күміс Байкатова қатысушыларға жаңа стандарттың мазмұнын айтып өтті. Қатысушылар сессиялық залдарға бөлініп, мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілері, мектеп мұғалімдері, қосымша білім беру педагогтері және арнаулы педагогтер карталарын талдады.
Талқыланған «Педагог» кәсіби стандарты алдағы уақытта Оқу-ағарту министрі Асхат Қанатұлы атап көрсеткендей, білім берудің барлық деңгейіндегі педагогтердің кәсіби даму траекториясының бірыңғай бағдарына айналмақ.



