2022 жылдың 17 қазанында ҚР Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген «Педагог» кәсіптік стандартының жобасын педагогикалық қауымдастықпен талқылау және түсіндіру мақсатында «Өрлеу» БАҰО» АҚ Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша КДИ филиалы іс-шара ұйымдастырды. Интербелсенді форматта өткізілген басқосуға ЖОО ректорлары, білім саласындағы бақылау департаментінің, білім беру басқармалары мен қалалық, аудандық білім бөлімдері, әдістемелік орталықтардың басшылары және педагогикалық қауымдастық (офлайн және онлайн форматта) қатысты.Жиын барысында: Педагогтің кәсіптік стандарты не үшін қажет? Ол мұғалімнің үздіксіз кәсіби дамуына қалай әсер ете алады? Педагогтің кәсіптік стандарты қалай білім беру сапасын арттыруға ықпал ете алады? деген сұрақтар талқыланды. Спикер ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының 2017 жылғы 8 маусымдағы №133 бұйрығымен бекітілген «Педагог» кәсіби стандартының негізгі сипаттамаларына шолу жасады және жетілдіруді қажет ететін жақтарын ашты. Сонымен қатар, осы 2017 жылғы стандарт пен жаңа буын стандартының қолданылу салалары, педагогтердің кәсіби құзыреттілік шеңбері, біліктілік бойынша педагог құзыреттілігі категорияларының критерийлері, педагогтің қызмет бағыты бойынша білім, білік, дағдылары айырмашылықтарына тоқталды.Белгілі санаттар бойынша мамандықтар карталарын зерттеу мақсатында топтық жұмыс жүргізілді. Әр топқа белгілі бір мамандыққа арналған карточканың баспа немесе электронды нұсқасы берілді. Қатысушылар өз тәжірибелері мен кәсіптік стандартта көрсетілген салалық біліктілік шеңберінің деңгейіне сүйене отырып, кәсіби қызметтің түрлері мен міндеттерін, сондай-ақ мұғалімге қажетті білім, білік және дағдыларды зерделеді. Орындалған жұмыс бойынша қорытынды жасалып, педагогтер пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. Іс-шара өз нәтижесіне жетті, яғни: педагогтре біліктілік санаттары бойынша мұғалімдердің құзыреттілік критерийлерін білді; мұғалімнің белгілі бір мамандығының құзыреттері мен критерийлерін сипаттап; негізгі және қосымша кәсіптік қызметтің мазмұнын талдады.





