Посткурстық рефлексия

Мен Гулмира Асанбекова «Өрлеу» ұйымдастырған «Тарих пәні педагогтерінің құзіреттілігін дамыту. 10-11 сыныптардағы қиын тақырыптар» атты 80 сағатқа арналған біліктілікті арттыру курсының тыңдаушысымын. Курс 1-12 тамыз аралығында қаламыздағы А. Розыбақиев атындағы №153 гимназияда өтті. Курсты білікті тренер Аскарова Аида Наримановна жүргізді.

Курстың алғашқы дәрістері тарих пәні педагогтерінің құзіреттілігін дамытуды Қазақстан Республикасының 2025 ж арналған білім беруді дамыту тұжырымдамасы контекстінде өзара байланыстырып өткізілді. 3 тамыз күні курс тыңдаушыларына диагностикалық тестілеу арнайы сайтта «QR» код арқылы ұйымдастырылды. Оның мақсаты-курс басындағы педагогтің білім деңгейін анықтау болды.

Әр дәрістің қысқаша жоспарына сабақтардың сценарийлері, тапсырмалар сипаттамалары, оларды орындау қажеттіліктері мен критериалды бағалау қамтылды. Барлық дәрістердің презентациялары болды. Педагогтердің белсенділігін арттыру мақсатында: «Күтілетін нәтижелер стикерлері», «10 қажетті сөз», «Сұрыптау», «Қос ассоциация», «Блок сызба», «Ақпараттар алаңы», «1 минуттық аргумент», «ДЖИГСО», «Хат жазудың еркін тәсілі», «Логикалық шынжыр», «Еркін микрофон», «Сәйкестендіру кестесі», «Қос күнделік», «Жеке жұмыс», «Мәселелер бұлты», «Венн диаграммасы», «Бастаймын. Жалғастырамын. Аяқтаймын», «Бөліс..», «Ой талқы», «Инсайт форум», «Графикалық органайзер», «Қара. Оқы. Жауып жауап жаз», «Пазлды жинау», «Сүзгіш», «Мозаика», «БББ» кестесі, «Оқы, ойлан, жұппен бөліс», «Жоба жасау», «Өзара тексеру», «Менен-сұрақ, сізден-жауап», «Кері дизайн», «Блиц сұрақ», «РАФТ», «Карусель», «Кластер», «Т кестесі», «Картамен жұмыс», «Тарихи құжатпен жұмыс», «Кинематограф», «Контур картамен жұмыс», «Тарихи тұлғалардың портреті», «Идеялар себеті», «Кейс жинау», «Моделдеу», «Терминдермен жұмыс», «Инсерт», «Сұрақтар техникасы» және тағы басқа қазіргі тарих сабақтарында кеңінен қолданылатын әдіс-тәсілдер мен түрлі бағалау стратегиялары қолданылып, практика жүзінде көрсетілді.

Сонымен қатар, курс аясында тыңдаушы педагогтермен мынандай тақырыптар терең талқыланды: «Әлемдік өркениеттер тарихы», «Ұлы көшпелілер империясы», «Қазақ хандығы», «ХХ ғас. басы мен ХХІ ғас. әйгілі тарихи қайраткерлер мен тұлғалары», «Алаш-қоғамдық ой мен ұлттық идея», «Ғылыми-техникалық прогресс», «Қазіргі заманғы ғылыми технологиялар», «Қазіргі замандағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау мәселелері».

10 тамыз күні курс тыңдаушыларына курстың аяқталуына байланысты қорытынды тестілеу өткізілді. Әр тыңдаушы курс барысында оқыған-тоқығанын, сонымен қатар, жалпы пән бойынша өзінің білім деңгейін көрсетті.

Мен 34 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан педагогпін. Өмірімде талай рет біліктілікті арттыру курстарынан өттім, байқағаным, жыл өткен сайын курстардың заманға сай, қазіргі талап бойынша мазмұнды, мағыналы, қажетті болуы. Осы курста мені ойландырған нәрсе, әмбебап құзіреттіліктің ішіндегі «hard skills» пен «soft skills» болды. «Hard skills» былайша айтқанда «қатты дағдылар»-техникалық түрдегі қабілет пен дағды, оны өлшеуге және үйренуге болады. Оларды жалпақ тілмен «кәсіби дағдылар» деп те айтады. Ал «soft skills»-бұл «жұмсақ дағдылар», бұл дағдыларсыз табысқа жету мүмкін емес, яғни, бұл адамның жеке қасиеті, қабілеті мен білігі. Айтайын дегенім, осы курста менің миымның оң жақ бөлігіне арналған «soft skills» тапсырмалары көп болды. Әрине, бұл маған көп ой салды, білім алушының «soft skills» дағдысын дамытуға арналған, яғни, сабақта зерттеу дағдысына көбірек көңіл бөлуім керек екені нақтыланды.

Курстың соңғы екі күні курс тыңдаушылары жұп болып, «демосабақтар» көрсетті. Сабақтар жоғары деңгейде дайындалып, курс тыңдаушыларының қызу талқысына түсті. Үйренетін, өзіме алатын дүниелер көп болды.

Келесі бір жайтты атап өтейін, ол тренер Аскарова Аида Наримановнаның курсты жүргізу шеберлігі, өзі ұйғыр ұлтының өкілі бола тұра, мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, курсқа қатысушы қазақ мектептерінің педагогтерін аузына қаратты десе де болады. Еңбегі еленіп, Қазақстан педагогтерінің біліктілігін арттыру бағытында атқарған жұмыстары жоғары бағалана берсін. Көп рақмет! Сонымен бірге, Алматы қаласы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының әкімшілігіне де педагог ретінде алғысым шексіз.

Асанбекова Гулмира Сагатовна, тарих және құқық пәндерінің педагогі.

«Ы. Алтынсарин атындағы №159 гимназия» КММ

Наши филиалы

OUR BRANCHES

Біздің филиалдар