Білім алушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру процесінде экологиялық білім мен тәрбиенің маңызы зор. Осыған байланысты өскелең ұрпақты оқыту және тәрбиелеу процесінде үздіксіз мақсатқа бағытталған жұмыс ерекше маңызға ие.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында ү.ж. 26 сәуірінде Жамбыл – «Өрлеу» институты «Ғаламшар болашағы – біздің қолымызда» тақырыбында республикалық экологиялық форум өткізді.
Іс – шараның салтанатты ашылуында Тараз қаласындағы №27 және Мерке ауданындағы «Таңшолпан» бөбекжай балабақшаларының бүлдіршіндері «Планетаның болашағы – біздің қолымызда» атты импровизацияланған қойылымын көрсетті.
Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА жетекші ғылыми қызметкері, Шуиншина Шолпан Мырзакасимовна өзі жетекшілік ететін Жамбыл облысы Меркі ауданы М. Әуезов атындағы мектеп-лицейі базасында жүргізіліп жатқан ғылыми эксперименттік жұмыстар туралы айтып өтті.
Байзақ ауданы № 4 мектеп-лицейі, Меркі ауданы М.Әуезов атындағы мектеп-лицейі, Шу ауданы «Жібек жолы» мектеп-лицейі және Тараз қаласындағы №7 мектеп-гимназиясы, №29 және 55 орта мектептері командалары экологиялық сананы қалыптастыру бойынша үздік тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар, жаратылыстану-ғылыми пәндер мысалында білім алушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастырудағы экологиялық тәжірибені тарату мақсатында жүзеге асырылып жатқан жұмыстары бойынша инновациялық тәсілдерді көрсетті.
Форум жұмысына СҚО мен Қызылорда облысының әріптестері онлайн-форматта қатысты.
