«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалында Республика күніне орай «ҚР Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында тиімді оқыту мен оқудағы жаңа педагогикалық инновациялар» атты онлайн форматта Республикалық педагогикалық оқулар өткізілді.
Бүгінгі таңда инновациялық педагогикалық тәжірибені жүйелеу, педагогикалық теориялар мен тәжірибелердің жаңа тәсілдерін енгізу, әлемдік білім беру кеңістігінің даму ағымдарын тиімді оқыту мен оқуға кіріктіру өзекті мәселелер болып табылады. Педоқулар педагогтардың шығармашылық және инновациялық іс-әрекетін қолдау, кәсіби жетілуін ынталандыру, қазіргі педагогикалық технологияларды қолдану бағытындағы педагогикалық іс-тәжірибені таратудың инновациялық кеңістігін құру, қалыптастыру, орнықтыру мақсатында ұйымдастырылды. Республиканың 7 облысының педагогтерінен келіп түскен 189 мақаланың 10-ы іріктеліп, педоқулардың пленарлық тыңдалымына ұсынылды.
Республикалық педагогикалық оқулардың кіріспе сөзін институт директорының орынбасары Сәкен Серікбаев ашып, бүгінгі іс-шараның маңызына тоқталды. Тыңдалым барысында «Ахмет Байтұрсынұлы – еңбегі үлгі, тағдыры сабақ», «Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша ғылыми жоба дайындаудың әдіс-тәсілдері мен тиімді жолдары», «Дарынды оқушыларды ғылыми жобалар конкурстары мен пәндік олимпиадаларға дайындаудың тиімді жолдары», «Төңкерілген сабақ және оны оқыту үдерісінде қолданудың теориясы мен тәжірибесі», «Оқушыларды информатика сабағында бағдарламалауға үйретудің тиімді әдістері», «Сабақтағы іс-әрекетті зерттеу тәсілдерін дамыту», «ҰБТ-ге дайындалу үшін тест тапсыру бағдарламасы», «Химия пәнін тиімді оқыту мен оқудағы жаңа педагогикалық инновациялар» тақырыбындағы тәжірибелер туралы келелі сұхбат жүрді.
Педагогикалық оқулар қорытындысымен жинақталған материалдар электронды ғылыми-әдістемелік жинаққа енгізіліп, қатысушыларға бірыңғай үлгідегі сертификаттар табысталды.


