Түркістан қаласында өтіп жатқан «Мектеп кітапханашыларының кәсіби даму жүйесінде медиа-ақпараттық сауаттылықты қалыптастыру» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсының тыңдаушылары- орта білім беру ұйымдарының кітапханашылары курс барысында Саттар Ерубаевтың әдеби-мәдени мұражайына экскурсия жасады. Мұражай орналасқан ғимарат ХХ ғасырдың басында күйдірілген кірпіштен салынған архитектуралық ескерткіштер қатарына жатады. Кезінде орыс-түзем мектебі болған осы ғимаратта қазақтың зиялылары С.Қожанов пен С.Ерубаевтың өзі де білім алған. Экскурсоводтың айтуынша, С.Ерубаев отырған парта бүгінде құнды экспонат. Парта орындығының артқы жақтауында латын қарпімен «Sattar E.» деп жазылған жазу бар. Саттар Ерубаев залында ақынның өмірбаяны, сыныптастарының, достарының, ақын- жазушылардың естеліктері, кітаптары, фотосуреттері, жеке пайдаланған заттары орналастырылған.⠀Небәрі 23 жылдан астам ғана өмір сүрген С.Ерубаевтың қаламынан туған “Бақыт”, “Мәңгілік өмір”, “Өмір көркемдігі”, “Келесі соғыс туралы” новеллалар, “Өмір туралы рапорт”, “Үш шахтер туралы баллада”, “Меруерт алқа” тәрізді балладалар, өлеңдер мен сын мақалалар, очерктер мен эпиграммалар өзіндік өзгеше үнімен, жүрек жарды лебімен, мөлдір сыршылдығымен, қалтқысыз шыншылдығымен қазір де қайран қалдырады. Ал, аяқталмаған “Менің құрдастарым” романы бүгінгі күні де халқымыз сүйіп оқитын шығарма. Тыңдаушылар кешегіні келешекпен байланыстыра отырып, қаламгер мен бүгінгі ұрпақ арасындағы әдеби-рухани байланысты нығайтуда және ақын-жазушылардың өмір жолы мен шығармашылығын, ғасырларға сын бермес мұраларын насихаттауда әдеби мұражайлардың орны ерекше екеніне тағыда бір көз жеткізіп, ерекше әсер алып қайтты.

- 19 Сен
- 2023