21 қаңтар күні Оралдағы «Өрлеу» филиалының ұйымдастыруымен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Жоғары оқу орындары оқытушыларының белсенді оқыту тәсілдері бойынша теориялық және практикалық білімдерін кеңейту» тақырыбында семинар-практикум өтті. Іс-шараға университеттің оқытушылары қатысты.
Семинар барысында Педагогика және пәндік әдістер кафедрасының аға оқытушылары Рысханым Қуанаева мен Алина Абишева белсенді оқу тәсілдері және цифрлық құралдар арқылы белсенді оқыту платформаларын таныстырды. Тәжірибелі тренерлер қатысушыларды семинар жұмысына жұдырықтай жұмылдырды. Топтық жұмыстар негізінде белсенді оқытудың тәсілдерін интербелсенді әдістермен ұштастырудың, білім алушылардың сабаққа белсенділігін заманауи платформалар арқылы арттырудың жолдары мен оқыту формаларын практикалық тапсырмалар орындатумен көрсетті.
Түстен кейін аға оқытушылар Рауан Мулдагалиева, Гүлдана Таскалиева «Жоғары оқу орындарында диалогтік оқытуды ұйымдастыру» және «Белсенді оқытуда бағалаудың рөлі» тақырыптарын түсіндірді. Олар сабақ процесінде студенттердің белсенділігін арттыруға, сыни ойлау, зерттеу және өздік жұмыс дағдыларын дамытуға бағытталған әдіс-тәсілдерді игеруге назар аударды.
Қатысушылар семинардың өзара пікір алмасу, жаңа идеялармен танысу және саладағы үздік тәжірибелерді үйрену үшін тамаша мүмкіндік екенін айтты. Сонымен қатар, семинар барысында жүргізілген топтық жұмыстар қатысушылардың ынтымақтастығын нығайтып, бір-бірімен тәжірибе алмасуына ықпал етті.


