Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету Комитеті төрағасының 2025 жылғы 3 қазандағы №1785 бұйрығына сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы филиалының директоры Лейла Сериковна Альмагамбетоваға 50300 – Білім беру мамандығы бойынша «қоса атқарушы профессор» (доцент) ғылыми атағы берілді.
Лейла Сериковнаның жалпы ғылыми және ғылыми-педагогикалық қызмет өтілі 23 жылды құрайды, оның ішінде Қазақстан Республикасының педагог кадрларының біліктілігін арттыру жүйесінде 10 жылдан астам уақыт жұмыс жасап келеді. Басшылық қызметтегі еңбек өтілі 7 жыл, оның 2 жыл 6 айы – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалының директоры лауазымында өтті. Бұл жоғары атаққа жету жолы табандылықты, терең білім мен өз ісіне адалдықты талап етті. Қызмет барысында 200-ден астам ғылыми-әдістемелік еңбектері жарық көрді.
Альмагамбетова Лейла Сериковнаның педагогикалық қызметі біліктілікті арттыру курстарын жүйелі түрде өткізу, әдістемелік материалдар мен бағдарламаларды әзірлеу, сондай-ақ ғылыми-әдістемелік еңбектерге рецензия жазу сияқты бағыттарды қамтиды. Лейла Сериковна өзі үнемі алға ұмтылып қана қоймай, тыңдаушылар мен әріптестерін де дамуға, жетілуге және жаңа белестерді бағындыруға жігерлендіреді.
Отандық білім беру жүйесін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Л.С. Альмагамбетова Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» (2021 ж.) медалімен, сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрлігінің, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқарма төрағасының, Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының Құрмет грамоталарымен және Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.