23 тамыз күні Оралдағы «Өрлеуде» ұжым мүшелерінің қатысуымен тамыз кеңесі аясындағы отырыс өтті. Отырыста институт директоры Софья Измуханбетова сөз алып, Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың, Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің қатысуымен өткен республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында қозғалған мәселелермен таныстырып өтті.
«Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбындағы пленарлық отырыста мектепке дейінгі, мектептегі тәрбие, техникалық және кәсіптік, қосымша білім беруді дамыту, білім берудің қолжетімділігі мен инклюзивтілігін қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Сонымен қатар балаларды оқыту үшін қолайлы жағдайлар жасау, балалардың құқықтарын қорғау, білім беру сапасын бақылау және арттыру да назардан тыс қалмады.
Биылдан бастап мектептерде тәрбие үрдісінде мектеп пен ата-аналардың өзара жауапкершілігіне негізделген «оқушы – мектеп – ата-ана» бірлескен жұмыс форматы енгізіледі. Сондай-ақ, 1-сыныптан бастап «Еңбекке баулу» пәні қайта оқытылып, 7-сыныптан бастап «педагог-кәсіби бағдар беруші» пәні енгізілмек. Алдағы уақытта үш ауысымда оқитын мектептерден басқа барлық мектеп бес күндік жұмыс форматына көшеді. Мұғалімдер де сенбі күні демалып, отбасына көңіл бөлу керектігі айтылды. Министрліктің мұғалімге жасап отырған жағдайы барша педагогтердің көңілін қуантты. Жаңа оқу жылынан бастап бұдан да басқа енгізіліп жатырған өзгерістерге басымдық берілді.
Пленарлық отырыста Асхат Қанатұлы педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруда «Өрлеу» орталықтарының маңызы зор екендігін атап өтті. Ұстаздардың ұстазы болып отырған әдіскерлердің деңгейі әлдеқайда жоғары болуы қажет екендігін ескеріп, «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқытылып, әртүрлі курстарға бағытталып жатырғанын айтты. «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталықтарының мұғалімдерге қолайлы болуы, оларға үй сияқты болуы маңызды. «Өрлеу» орталықтарын «мұғалімдердің үйіне» айналдыру керек, – деді Асхат Қанатұлы.


