Облыстың педагогтер қауымы жаңа оқу жылының алдында бас қосып, өткен оқу жылын қорытындылап, алдағы оқу жылында жасалар жұмыстың жайын ақылдасты. Тамыз кеңесі – дәстүрге айналған кезекті мәжіліс қана емес, бұл білім саласындағы білгенімізді бөлісуге, түйгенімізді түгендеуге керекті жиын.
Бүгін «Digital Kazakhstan: Жаңа шынайылықтағы білім беру» тақырыбында білім саласы қызметкерлерінің облыстық Тамыз Кеңесі қарсаңында панельдік сессиялары өтті. Іс-шара Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласының №6 мектеп-лицейінде ұйымдастырылып, 700-ге жуық педагог қатысты.
Облыстық панельдік сессияда педагогтер мектепке дейінгі, орта, техникалық, кәсіби, қосымша, инклюзивті білім беру, нысаналы мектеп жұмыстарын үйлестіру, мақсатты мектептердің жұмыс жоспарлары, әдіскерлердің тәлімгерлік жұмысы және жаңа оқу жылындағы жоспарлары талқыланды. Өрлеу Алматы облысы бойынша кәсіби даму институтының тренерлері әрбір сессияда дөңгелек үстел мен дискуссия алаңын ұйымдастырды.
Сонымен қатар алдағы оқу жылында нысаналы мектептердің жұмысын жолға қою мақсатында панельдік сессия барысында ҚР ОМ Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Мелдебекова Майра Тұрғанбайқызы қатысып, өз баяндамасын жасады.
Жиын соңында қатысушылармен кері байланыс орнатылып, сұрақтарға жауаптар беріліп, тамыз педагогикалық кеңесінің қарары қабылданды.











