Бүгін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы республикалық ұстаздардың тамыз конференциясы аясында жоғары оқу орындары ректорларының қатысуымен «Шекарасыз: идеядан серіктестікке» атты нетворкинг-ланч өткізді.
Кездесуге ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі мен еліміздің жетекші педагогикалық жоғары оқу орындарының ректорлары және білім саласындағы ұлттық орталықтардың басшылары қатысты.

Басты мақсат – педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуына жағдай жасайтын тиімді серіктестік тетіктерін қалыптастыру, идея алмасу және бірлескен жобалар арқылы ынтымақтастықты нығайту.

Шарада ҚР Оқу-ағарту министрі серіктестікті жетілдірудің стратегиялық бағыттарын атап өтті. Ал «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының басқарма төрағасы А.С. Шилибекова педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын қолдайтын жаңа тетіктерді таныстырды. Соның ішінде «Ұстаз» ұлттық цифрлық платформасы арқылы мұғалімдердің кәсіби өсуін мониторингілеу және дамыту, сондай-ақ «Келешек мектептеріне» жас педагогтерді іріктеу жүйесі арқылы білікті мамандарды тарту мүмкіндіктері көрсетілді. Бұл бастамалар білім сапасын арттыруға, кадрлық әлеуетті күшейтуге бағытталған.

Ректорлар аталған жобаларды қолдап, болашақ мұғалімдердің сапалы іріктелуіне және кәсіби бейімделуіне белсенді үлес қосуға шақырылды. ЖОО өкілдері Pitch Talk алаңында серіктестік формаларына қатысты нақты ұсыныстарын ортаға салды.