«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша кәсіби даму институты базасында тарих пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курсы пән мұғалімдерінің талдау, зерттеу дағдыларын дамыту бағытында жүзеге асырылып жатыр. Талдау, зерттеу дағдыларын дамыту аясында тарихи құжаттармен, жәдігерлермен жұмысты, тарихи білім беруде өлкетанушылық компонентті кіріктіру бүгінгі таңда өзекті болып отыр. Осы мақсатта курс бағдарламасына сай тыңдаушылармен жоспарлы жұмыс, көшпелі тәжірибелік сабақ аясындағы кезекті шара 4 сәуір күні Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайында жалғасты.
Өлке тарихымен танысуда мұражай экспозицияларына экскурсиямен басталған бұл сабақтың мақсаты – музей экспозицияларын тарих пәнін оқыту мен оқуда пайдаланудың тиімді жолдарын айқындау. Экспозициялармен танысып болғаннан соң білім алушылар «Тарих мемлекеттілікті нығайтудағы стратегиялық пән ретінде» тақырыбында мұражай экспозицияларын қолдану арқылы тарих пәнінің мемлекеттілікті нығайтудағы стратегиялық маңызын арттыру жолдары бойынша пікір алмасты. Сонымен бірге «Тарих сабағында ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие беру мәселесі» тақырыбында демосабақтарды әзірлеуге қажетті жергілікті материалдар фототоптамасын әзірлеу жоспарланды. Фототоптамаларды «Археологиялық экспонаттар – ежелгі дүние құндылықтарын оқытудың тиімді құралы», «Артефактілер арқылы оқыту – тарихи деректермен жұмыстағы құндылықтық компонент», «Иллюстрациялар – тарих сабағында ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие берудегі ұтымды дерек» және «Тарихи құжаттар – деректану ғылымының құнды жәдігерлері» тақырыбында әзірлеу, демосабақтар барысындағы жоба қорғауда белсенді қолдану көзделді.


