«Айдың үздік қызметкері» байқауының 2022 жылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша жеңіс тұғырына шыққан әріптесіміз Есентаева Айжан Ыдырысқызын құттықтаймыз!
Есентаева Айжан Идрисовна – «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша Кәсіби даму институтының аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдарының магистрі, тренер. Біліктілікті арттыру саласында 2008 жылдан бері жұмыс жасайды. Кембридж Халықаралық Емтихандар Кеңесі негізінде, Деңгейлік бағдарламалар курсының (үшінші) базалық деңгейі, «Тиімді оқыту мен оқу» бағдарламалары бойынша сертификатталған тренер.
ҚР орта білім мазмұнын жаңарту білім беру бағдарламасының «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндері бойынша, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының «Латын негізді қазақ жазуы бойынша педаогтердің құзыреттілігін дамыту», «Сontent and language integrated learning (CLIL) Essentials» бағдарламаларының тренері.
2013-2021 жылдар аралығында Деңгейлік бағдарламалар курсының (үшінші) базалық деңгейі, «Тиімді оқыту» бойынша пән мұғалімдеріне, жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне ұйымдастырып өткізген курстарында тыңдаушылары жоғары жетістік көрсетіп, 100% сертификатқа ұсынылған. Айжан Ыдырысқызы жетекшілік жасаған педагогтер кәсіби байқауларда жүлделі орындарды иемденіп, авторлық бағдарламалар, оқу-әдістемелік кешендер дайындап өздерінің кәсіби құзыреттіліктерін дәлелдеп жүр.
Айжан Ыдырысқызы өзі ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын, ізденімпаз, шығармашыл тренер. Курс барысындағы сабақтарын бірлескен әрекетте белсенді педагогикалық, технологиялық әдістер қолданып мазмұнды өткізетін шебер педагог. Тренердің әр өткізген сабақтары тыңдаушылар және «НЗМ»ДББҰ ПӨО эксперттер тарапынан жоғары бағаланған.
Өзінің жеке біліктілігін арттыруға да баса назар аударып, республика, халықаралық деңгейіндегі іс-шараларға белсенді қатысушылардың, ұйымдастырушылардың бірі. Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған «Инновациялық-педагогикалық идеялар жөніндегі VІІ республикалық фестивалінің» І дәрежелі жүлдегері.
Айжан Идрисовна 40-тан аса ғылыми-әдістемелік мақаланың, 10 әдістемелік нұсқаулықтың, 3 оқу құралының, оқу орыс тілінде жүретін 5 – 7-сыныптарға арналған, «Мақтанышым – салт-дәстүрім», 8 – 10-сыныптарға арналған «Қазақстан республикасындағы атаулы күндер» эллективті курс бағдарламасының, «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін дамыту тақырыбындағы курс бағдарламасының авторы. «Бағалаудағы жаңа амалдар: критериалды бағалау», «50 интерактивных форм обучения» (Инструментарий для творческого учителя) қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі әдістемеліктерді құрастырушыларының қатарында.
Айжан Ыдырысқызын бүгінгі жеңісімен құттықтай отырып, тынымсыз ізденіспен алға ұмтылып, өрлей беруіне тілектеспіз!
«Өрлеу» Алматы
