Шығармашылықпен жұмыс жасайтын мұғалімдердің дәстүрлі облыстық «Тәжірибе алаңының» 2-ші күні атқарылған кезекті жұмыстарына тоқталайық.
Мұғалімнің кәсіби дамуы – қоғам сұранысына дер кезінде жауап беру мүмкіндігі, үздіксіз білімнің оралымды құрылымдарының бірі. Маман үшін ол – қалыптасқан кәсіби іс-әрекетіне өзгерістер енгізу, өз тәжірибесін басқа адамдардың, қоғамда жинақталған тәжірибесімен байланыстыру, біріктіру, кәсіби құзырлылықты қалыптастыру. Осы ретте филиал тренері Жанар Жубауова тәуелсіз сарапшылармен бірлесіп «Үздік тренинг – 2022» облыстық байқауын өткізіп, белгіленген критерий негізінде шығармашыл ұстаздардың жұмысына бағалау жасалды. Аталмыш байқау TIMSS, PISA, PIRLS тапсырмаларын дайындау, олардың құрастырылу ерекшеліктерін анықтауға бағытталды. Байқауға 14 мұғалім қатысты. Қатысушылар жоспарланған тренингтерін тәжірибе алаңына жиналған мұғалімдермен өткізді. Тренинг барысында мұғалімдер оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған тапсырмаларды құрастыру ерекшеліктерін үйренді.
Шеберлік сыныпта интернет ресурстары мен сандық технологияларды тиімді әрі қауіпсіз қолдануда цифрлық сауаттылық технологиялық сауаттылықпен байланысты түсініктермен қатар қарастырыла отырып, мұғалімдер арасында пікір алмасулар болды. Шеберлік сыныпқа қатысушы мұғалімдер сандық білім беру ресурстарын дайындау бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті, көптеген компьютерлік бағдарламалардың (Wordwall, Plickers, LearningApps және т.б.) тиімділігі талқыланып, ой бөлісті. Сабақ соңында әр мұғалімге Canva бағдарламасында өз сабақтарының презентациясын (видеосын) жасау тапсырмасы берілді.
Тәжірибе алаңына қатысушы мұғалімдердің идеяларын ортаға салу, шығармашыл және ұтымды идеяларды қолдау, педагогикалық кәсіби құзыреттіліктерін арттыру, шығармашыл мұғалімдерді тани білу, мадақтау әрі жариялау, педагогикалық идеялар арқылы мұғалімдер тәжірибесіне оң ықпал ету мақсатында «Оқыту әдістемесін жетілдіру жолдары (екі бағытта)» тақырыбында идеялар аукционы ұйымдастырылып, идеялар аукционына командалар ішінен 28 мұғалім өз идеяларын (жұмыстарын) ұсынды.
Жиын аясында Үстел теннисі ұйымдастырылып, І орынды Қармақшы ауданындағы №105 орта мектебінің математика пәні мұғалімі Қыдырәлі Көшеков, ІІ орынды Қызылорда қаласындағы №261 орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Қуаныш Оспанов, ІІІ орынды Жалағаш ауданындағы №123 мектеп-лицейінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Дәулетбек Мұратбекұлы иеленді.
Шахмат ойыны ұйымдастырылып, нәтижесінде І орынды Жалағаш ауданындағы №201 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі Ақаділ Пазылбеков, ІІ орынды Қызылорда қаласындағы Абай атындағы орта мектебінің математика пәні мұғалімі Нұрдос Ережепов, ІІІ орынды Қазалы ауданындағы №91 орта мектебінің биология пәні мұғалімі Жеңісбек Амидулда иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
КТК әзіл-қалжың кешіне қатысушы командалар мейлінше жақсы дайындалып келіп, өз әзілдерін тақырып төңірегінде үйлестіре отырып, кеш қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. КТК нәтижесі бойынша 1-орынды Қызылорда қалалық білім бөлімінің командасы, 2-орынды Қармақшы аудандық білім бөлімінің командасы, 3-орынды Шиелі аудандық білім бөлімінің командасы иеленді. Қазылар алқасының шешімі бойынша «Үздік ойыншы» номинациясын Қазалы ауданы командасының ойыншысы Қуаныш Жиенқұлов жеңіп алды.
Тәжірибе алаңының ұйымдастырушылары конференц залға жиналып, бір күн бойы өткізілген іс-шараларға жеке-жеке тоқталып, сараптамалық талдау жасап, ашық әңгімелер жүргізіп, рефлексия жасады.


