Қазіргі білім беру жүйесі – балаларда әртүрлі оқу және өмірлік жағдайларда, өзаратұлғалық қарым-қатынаста және әлеуметтік қатынастарда мектепте алған білімдерін тиімді қолдану дағдыларын дамытуға бағытталған. Функционалды сауаттылыққа бағытталған сабақтарды ұйымдастыруда негізгі мәселелерді қарастыратын Институт тренерлері арасында оқыту семинарлары ұйымдастырылды.
2024 жылдың 12 – 16 ақпаны аралығында Өрлеу Алматы облысы бойынша кәсіби даму институтында өзара тәжірибе тарату және алмасу мақсатында «PISA зерттеулері аясында білім алушылардың жаратылыстану-ғылыми, математикалық және оқу сауаттылығын дамыту негіздері» атты PISA апталығы өтті.
12 ақпанда Институттың тренері Нұрсәуле Қылышбекова «PISA (Programme for International Student Assessment) зерттеулерінің мақсаты және оқу сауаттылығының жалпы ережелері» тақырыбында тренинг өткізді. Тренингтің мақсаты: PISA зерттеулері аясында оқу сауаттылығының жалпы ережелерін түсіндіру, педагогтермен тәжірибе алмасу. Аға оқытушысы іс-шараның мақсат-міндеттерімен таныстыра келе, іс-шараның бағдарламасына сәйкес тақырып бойынша көркем мәтіндермен жұмыс жүргізді.
13 ақпанда математика пәні тренері Гаухар Таджибаева «PISA тапсырмасын орындаудағы белсенді тәсілдер» тақырыбында тренинг жүргізді. Мақсаты: PISA туралы түсінікті дамыту, тапсырмаларын орындаудағы белсенді тәсілдерді орындау, талдау және тәжірибеге енгізу дағдысын қалыптастыру. Сабақта қолданылатын белсенді тәсілдер практикалық тапсырмалар арқылы қарастырылып, талдау сұрақтары жан-жақты талқыланды.
14 ақпанда аға оқытушысы Ринад Көшербаев «Оқушылардың оқу сауаттылығын қалыптастыру мәселелері және оларды шешу жолдары» атты семинарын ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты – оқушылар арасында оқу сауаттылығын қалыптастыру бойынша оқытуда әртүрлі стратегияларды қолдану тәжірибесімен бөлісу болды.
15 ақпанда тренер Гаухар Джарылгамысова «PISA зерттеулеріндегі функционалдық математикалық сауаттылық тапсырмаларын талдау» және «Цифрлық білім беру ресурсы жобалау: кезеңдер, сандық құралдар, критерийлер» тақырыптарында семинар жүргізді. Семинар жұмысының мақсаты – PISA халықаралық зерттеуі аясында оқушылардың математикалық сауаттылық бойынша меңгерген білімдері мен дағдыларын өмірлік жағдайларда қолдана білуге бағыттау және қатысушыларды цифрлық білім беру ресурстарын (ЦОР) жобалаудың негізгі кезеңдерімен таныстыру, осы процесте қолданылатын заманауи цифрлық құралдарды қарастыру, сондай-ақ олардың білім беру практикасында табысты іске асырылуын қамтамасыз ету үшін сапасы мен тиімділігінің негізгі критерийлерін анықтау болып табылды. Қатысушылар тақырыпқа сәйкес математикалық сауаттылық тапсырмаларын талқылап, PISA зерттеулері аясындағы есептерді талдады.
Және 16 ақпанда Институт тренері Ляззат Адыбаева «PISA халықаралық зерттеулері аясында тест тапсырмаларының түрлерін талдау» тақырыбында тәжірибе алмасу оқыту семинарын өткізді. Семинардың мақсаты – PISA халықаралық зерттеуі аясында оқушылардың оқу барысында меңгерген білімдері мен дағдыларын өмірлік жағдайларда қолдана білуге бағыттау. Семинар қатысушылар жаратылыстану бағытындағы тапсырмаларды талдап, саралап, шешу жолдарын қарастырды.
Институт кафедрасының аға оқытушылары және оқу бөлімінің қызметкерлері іс-шараларға толықтай қатысып, бір-бірімен тәжірибе алмасып, кері байланысын берді.








