«Өрлеумен бірге өрле!» тәлімгерлік институты жобасы аясында Оралдағы «Өрлеу» институтында «Тәлімгерлік жүйесі: кеше, бүгін, ертең» тақырыбында облыстық семинар өтті. Іс-шараға институт директоры Софья Измуханбетова, институт қызметкерлері, аудандық мектептерден тәлімгер-ұстаздар және жас мамандар қатысты.
Жас маманның кәсіби қалыптасуындағы тәлімгерліктің маңызы, жас маманның теориялық білімін, білігін практикамен ұштастырып, кәсіби шеберлігін ықпал ету мақсатында ұйымдастырылған шараға институтта көп жылдар бойы қызмет атқарған ардагер-ұстаздар арнайы шақырылды.
Шара барысында ардагер-ұстаздар Мажитова Любовь Рамазановна мен Мусаева Жанбота Оспанқызы ұстаздық жолында жас маманның кәсіби құзыреттілігін қалыптастырудағы тәлімгер-ұстаздың рөлі, ұстаз бен жас маманның арасындағы сабақтас қандай бағытта жүргізілуі тиіс деген тақырыпта ой қозғап, ұстаздық жолындағы іс-тәжірибелерімен бөлісті. Кәсіби білім беру кафедрасының аға оқытушысы Мулдагалиева Рауан Бақытқызы «Мектептегі тәлімгерлік қызметтің негізгі аспектілері» тақырыбында шеберлік сынып өткізіп, тәжірибесімен бөлісті.
Тәлімгер – өте сенімді, тәжірибелі адам. Тәлімгерлік тәлім алушыға білімін, тәжірибесін беріп, жоғары мүмкіндіктерінің ашылуына көмектеседі. «Өрлеумен бірге өрле!» тәлімгерлік институты жобасы алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.








