2021 жылғы 13 желтоқсан күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, Қызылорда облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің құрылғанына 10 жыл толуына орай салтанатты іс-шара өтті.
Салтанатты шараға білім беру ұйымдарының педагогикалық қызметкерлері, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының, жоғары оқу орындарының басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Іс-шараны Қызылорда облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалия Дәулетова ашып, Қазақстанның 30 жылдағы, оның ішінде білім саласының жетістіктеріне тоқталды.
Ғалия Дәулетова өз сөзінде Қазақстан Республикасының 30 жылда білім сапасын арттыру мақсатында жүргізілген жұмыстары, тәуелсіздік жылдарында білім саласының дамуы үшін қабылданған «Білім туралы», «Жоғары білім туралы», «Ғылым туралы», «Қазақстан Республикасындағы балалардың құқықтары туралы», «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы», «Ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін коммерцияландыру туралы», «Педагог мәртебесі туралы» Заңдары жайлы, республика көлемінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісінің 9,3 есеге артқанын, 1800 мектеп салынып, жаңартылған білім мазмұнымен 21 Назарбаев зияткерлік мектептері құрылғанын атап өтті.
Шара барысында «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бауыржан Елеусінов облысымыздың білім саласындағы жетістіктеріне тоқталып, мерекелік лебізін білдірді.
Шара соңында Департамент қызметкерлері Қорқыт Ата университетінің үздік түлек медалімен, Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл мерекелік медальдарымен наградталды.
