Қазіргі таңда білім саласында жаңа идеяларды іске асыруға және педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамытуға мүмкіндік беретін әдістемелік кеңістік құру зор маңызға ие болып отыр. Әлемдік білім кеңістігіндегі білім алушылардың жетістіктері мен білім сапасындағы көрсеткіштердің тұрақтылығын сақтау, жоғары деңгейге көтеру бойынша елімізде «Мақсатты мектептер» жобасы іске асырылуда.
«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалында физика пәні мұғалімдеріне арналған «Пәнаралық байланыстар негізінде оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға арналған тапсырмалар құрастыру» тақырыбында әдістемелік семинар өткізілді. Семинар жұмысына Қызылорда қаласындағы мақсатты мектептердің физика пәні мұғалімдері тартылды.
Семинар модераторы, кафедра меңгерушісі Ұлтай Ешимова қатысушыларға пәнаралық байланыстың педагогикалық фукциялары мен классификациясын таныстырды. Педагогтер жаратылыстану бағытындағы пәндер мазмұнын талдау арқылы ортақ ұғымдар мен заңдылықтарды анықтау тапсырмаларын бірлесе орындады. Жұптық жұмыста екі функцияны у = kх+b және х = х0 + графикте тұрғызу және оларды беттестіру арқылы физика және математика пәндерінің байланысын тағайындады. Сонымен бірге оқулықтарға енгізілген ортақ тақырыптар мен заңдылықтарды пәнаралық байланыстар классификациясына сәйкестендірді, физика пәнін оқытуда функционалдық сауаттылықты дамытуға бағытталған тапсырмалар құрастыру жолдары талқыланды және тәжірибелік тапсырмалар орындалды.
Семинар жұмысында «Мақсатты мектептер» жобасы аясында жүргізілген базалық және негізгі деңгейлер бойынша курстан өткен Сырдария ауданындағы №44 мектептің физика пәні мұғалімі Гүлзада Бекенова, №147 мектептің физика және математика пәні мұғалімі Ақмарал Нарикбаева функционалдық сауаттылықты пәнаралық байланыстар негізінде дамытуға арналған тапсырмалармен таныстырып, тәжірибелерімен бөлісті.
Семинардың қорытынды бөлімінде білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуда деңгейлік тапсырмалар құрастыру, ашық тапсырмалар әзірлеу жолдары талқыланды. Пән мұғалімдерінің сұрақтарына жауап беріліп, сындарлы диалог жүргізілді. Семинар соңында «4Q арқылы рефлексия жасау», «Чаттағы хабарлама» әдісі арқылы кері байланыс берілді.

