2023 жылдың 28 сәуірінде білім беру ұйымдарының математика пәні мұғалімдеріне арналған “Функционалдық сауаттылық – білім беру сапасының көрсеткіші” тақырыбында онлайн форматында облыстық семинар ұйымдастырды.
Семинар барысында Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математикалық лицей-интернатының математика пәні мұғалімі Жолмағанбет Ақерке Әділханқызы “Математика пәніндегі функционалдық сауаттылықты арттырудың тиімді тәсілдері” тақырыбында өз іс- тәжірибесімен бөлісті. Онда математика пәнінен функционалдық сауаттылықты арттыру тәсілдері, қалыптастыру жолдары айтылды. Pisa тапсырмаларының математикадағы әр мазмұнды бөліктеріне тоқталып, есептер шығарылды.
Келесі кезекте №6 Хромтау гимназиясының математика пәні мұғалімі Есжанова Гулжазира Базаргаликызы” Сабақты тиімді жоспарлау” тақырыбында айтып өтті. Онда математика пәнінен күнтізбелік тақырыптық жоспарлау, қысқа мерзімді жоспардағы өзгерістер, сабақта қолданылатын тиімді әдістер, сабақты тиімді жоспарлау түрлеріне тоқталып өтті.
Шара барысында Ақтөбе қаласы А.Ермеков атындағы №23 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі Укибаева Сауле Тенельовна “Математикалық есептерді трансформациялау” тақырыбында шебер – класс көрсетті. Математикалық есептерді функционалдық сауаттылықты дамыту мақсатында трансформациялаудың практикалық дағдыларын дамытуға, оқыту мақсаттарына сәйкес функционалдық сауаттылықты дамытуға трансформацияландырылған есептерді талқылауға бірнеше мысалдар келтірілді.
Семинар соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды.