«Шығармашылық, педагогикалық қызметтегі инновациялар» атты республикалық педагогикалық оқулары

2025 жылғы 27 ақпанда КСРО-ның Халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиевтің 100 жылдығына орай «Шығармашылық, педагогикалық қызметтегі инновациялар» атты республикалық педагогикалық оқу өтті. Бұл ауқымды іс-шара заманауи оқыту мен тәрбиелеу әдістерін талқылау, сондай-ақ ұлы педагогтің есімін ұлықтау мақсатында тәжірибелі педагогтерді, ғалымдарды, білім беру ұйымдары мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдерін біріктірді.

Іс-шараның салтанатты ашылуына Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Жолдасбекұлы Нұрғалиев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің IV және V шақырылымдарының депутаты, педагогика ғылымдарының кандидаты Светлана Ивановна Ферхо, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Бекболатұлы Жұмашев, сондай-ақ жоғары оқу орындарының ректорлары, білім беру мекемелері мен әдістемелік орталықтардың өкілдері, кітапхана қызметкерлері, педагогикалық еңбек ардагерлері және республикалық байқаулардың жеңімпаздары қатысты.

Педагогикалық оқудың басты мақсаты – Кумаш Нұрғалиевтің құндылыққа негізделген педагогикалық мұрасын басшылыққа ала отырып, білім беру процесіндегі инновациялық және шығармашылық тәсілдерді талқылау. Іс-шара аясында пленарлық отырыс пен секциялық пікірталастар өткізіліп, қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісті, өзекті мәселелерді қарастырып, білім сапасын арттыруға бағытталған практикалық шешімдермен алмасты.

Пленарлық отырыс Ұстаздар үйінде өтіп, онда білім беру саласының жетекші мамандары баяндама жасады. Кейін қатысушылар Құмаш Нұрғалиев атындағы Жоғары колледж бен Құмаш Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейінде ұйымдастырылған секцияларда жұмысын жалғастырып, білім беру ұйымдарын басқару, инновациялық технологиялар мен цифрлық шешімдерді оқу процесіне енгізу мәселелерін талқылады .

Республикалық педагогикалық оқу озық тәжірибе алмасу, инновациялық практикаларды таныстыру және педагогтер қауымдастығы арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін маңызды алаңға айналды.

Наши филиалы

OUR BRANCHES

Біздің филиалдар