5 қазан – елімізде мәртебелі мамандық иелерінің төл мерекесі. Ұстаздар күніне Батыс Қазақстан облысындағы Теректі ауданына қарасты Шаған ЖОББ мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Яна Федорова туралы қалам тербегенді жөн көрдік.
Яна Александровна жалынды жас, белсенді де жаңашыл маман, педагог-модератор. Еңбек жолын 2022 жылы осы мектепте бастаған жас маман жаны сүйген салаға жұмысқа орналасқан сәттен-ақ зор жауапкершілікпен іске кірісті. Нәтижесінде Яна 2022 жылы «Мен қазақша сөйлеймін» облыстық акциясында алғыс хатпен марапатталды.
Халықаралық туризм күніне арналған Теректі ауданы мұғалімдері арасындағы туристік фестивальде «Үздік бейнеролик» аталымы бойынша жүлделі І орынды жеңіп алды.
Яна 2023 жылы аудандық «Көктемгі бағдар – 2023» спорттық бағдарлау жарысында «Спринт» қашықтығы байқауында жүлделі І орынды иеленіп, Алғыс хат иесі атанды.
Мектепішілік «Үздік жас маман-2023», аудандық «Қадыр оқулары» байқауларында бағын сынап, жүлделі орындардан көрінді.
2023 жылы аудандық «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» байқауында бас жүлдені иеленіп, республикаға жолдама алды. Батыс Қазақстан облысының білім басқармасы ұйымдастырған байқауда «Педагогикалық тандем» номинациясына ие болды.
Оралдың «Өрлеуі» ұйымдастыратын дәстүрлі «Өрлеумен бірге өрле!» жобасының мақсаты – жас маманның кәсіби өсуіне және шығармашылық дамуына жағдай жасауды жетілдіру. Жас маман бұл жобада жүйелі жинақталған, құнды портфолиоларын ортаға салып, жаңашыл идеяларымен бөлісті.
Яна 2024 жылы Оралдағы «Өрлеу» филиалы мен «TEO» ағылшын тілі мұғалімдерінің қоғамдық бірлестігі ұйымдастырылған мектепаралық Лессон стади зерттеу жұмысында алдыңғы орындардан көрінді. Ағылшын тілі пәнінен өткен «ПЕДСТАРТ» республикалық қашықтық олимпиадасында ІІІ орын иеленді.
Орал қаласы Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының ұйымдастыруымен өткен V аймақтық конференцияда ” Lesson Study. Тәжірибені зерттеу арқылы оқыту сапасын жақсарту” байқауында көзге түсіп, жүлделі ІІІ орынды иеленді.
«Үздік жас маман – 2024» мектепішілік байқауына қатысып, Бас жүлдені ұтып алды.
«Үздік сынып жетекші-2024» мектепішілік байкауында жүлделі І орынды иеленді.
Жас ұстаздың мақалалары «Үздік сабақ жоспары», «Тағылым», «QAZAQ BILIMI» республикалық ғылыми-әдістемелік журналдарына шығып үлгерді.
Жас маман — қоғамның қозғаушы күші. Олардың жаңашылдығы, энергиясы және әлеуметтік жауапкершілігі еліміздің дамуына үлкен үлес қосады. Сондықтан жастардың кәсіби дамуына қолдау көрсету, оларға жаңа мүмкіндіктер ұсыну — біздің міндетіміз.
