2026 жылғы 19–20 ақпан күндері «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Алматы қаласы бойынша филиалында «Іс-әрекетті зерттеу, жинақтау және тарату» тақырыбында республикалық семинар ұйымдастырылды. Іс-шара «Жаратылыстану-математика бағытындағы» кафедра оқытушыларының педагогтерге арналған семинарларды (онлайн/офлайн) әзірлеу және өткізу жоспарына сәйкес өткізілді. Семинарды кафедраның аға оқытушысы А.К. Сабиханова ұйымдастырды.
Семинар жұмысына еліміздің әр өңірінен педагогтер онлайн және офлайн форматта қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Іс-шараны институт басшылығы ашып, білім беру саласындағы іс-әрекетті зерттеудің маңыздылығы мен өзектілігі туралы баяндама жасады.
Семинардың негізгі мақсаты – білім сапасын арттыру бағытында педагогтердің кәсіби тәжірибесінде жүзеге асырылған педагогикалық зерттеулерді тарату, тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру және білім беру үдерісін жетілдіруге ықпал ету. Сонымен қатар педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту, білім беру принциптерін мектеп тәжірибесінде тиімді іске асыруға қажетті білім мен дағдыларды қалыптастыру көзделді.
Іс-шара барысында білім берудің бес негізгі бағыты бойынша тәжірибелер қарастырылды. Атап айтқанда, білім берудегі менеджмент, инклюзивті білім беру, жасанды интеллектті қолдану, оқытудың инновациялық тәсілдері және тәрбиенің инновациялық әдістері талқыланды.
Семинар аясында білім берудің теориялық негіздері, оның ішінде инклюзивті білім берудің мәні, мақсаты мен принциптері туралы мәселелер қозғалды. Қатысушылар ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларды оқыту барысында кездесетін қиындықтар мен мүмкіндіктерді талқылап, тәжірибелік мысалдармен бөлісті.
Сонымен қатар педагогтердің білім беру саласындағы базалық құзыреттерін дамыту мәселесі де назардан тыс қалмады. Педагогтер оқу үдерісінде әртүрлі білім алушыларға жеке тәсіл қолдану, коммуникативтік және психологиялық қолдау көрсету, инклюзивті білім беру технологияларын тиімді пайдалану жолдары туралы пікір алмасты.
Семинар барысында инклюзивті сабақтарды жоспарлау және өткізу ерекшеліктері, сабақта қолданылатын тиімді әдіс-тәсілдер мен технологиялар да кеңінен талқыланды. Қатысушылар түрлі қажеттіліктері бар оқушыларды оқу үдерісіне тиімді енгізу тәсілдерін қарастырып, тәжірибелік жұмыстар жүргізді.
Сонымен қатар мұғалімдердің ата-аналармен, психологтармен және басқа да мамандармен өзара байланыс орнату тәжірибесі сөз болды. Бұл бағыттағы тиімді жұмыс оқушылардың білім алудағы жетістіктерін арттыруға ықпал ететіні атап өтілді.
Семинарға қатысқан педагогтер өз мектептерінде білім беруді ұйымдастыру барысында жинақтаған тәжірибелерімен бөлісіп, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Практикалық сабақтар барысында жаңа педагогикалық әдістер мен тәсілдер таныстырылып, оларды оқу үдерісінде қолдану жолдары көрсетілді.
Ұсынылған білім беру модельдері, арнайы әдістер мен құралдар педагогтердің ерекше қызығушылығын тудырды. Қатысушылар аталған тәжірибелерді өздерінің кәсіби қызметінде қолдануға ниет білдірді.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар білім беру саласындағы өз білімдерін толықтырып, оны мектеп тәжірибесінде тиімді қолдану жолдарын меңгерді. Педагогтер оқу үдерісінде әртүрлі білім алушыларды қамтуға мүмкіндік беретін жаңа әдіс-тәсілдермен танысып, кәсіби тәжірибелерін жетілдірді.
Іс-шара нәтижесінде білім беру бағыттары бойынша жүйелі әрі тиімді жұмыс жүргізуге мүмкіндік беретін бірқатар ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, педагогтерге арналған кәсіби курстарды тұрақты түрде ұйымдастыру, тиімді тәжірибелерді жинақтап, әдістемелік құралдар шығару, сондай-ақ білім алушыларды тұлғалық қолдауға бағытталған қосымша ресурстар мен орталықтарды дамыту қажеттігі атап өтілді. https://drive.google.com/drive/folders/1P3Tt6h6h5Opovc1xAhOcZCEKCDw_XZD7?usp=drive_link














