Бүгін Ә. Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ұлағатты ұстаз, білім беру ісінің үздігі, педагогика ғылымдарының кандидаты Ешимова Ұлтай Зікірқызының зейнет жасына толу құрметіне арналған Ғылыми Кеңестің салтанатты отырысы өткізілді.
Салтанатты жиынға Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары, Қызылорда облыстық білім кәсіподағының, білім беру ұйымдарының өкілдері, ғалым-ұстаздың қызметтес болған әріптестері, шәкірттері және «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалының профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты. Шара барысында әріптестері мен шәкірттері ұстазға жүрекжарды лебіздерін білдіріп, оның ғылым мен білім саласына қосқан өлшеусіз еңбегі жайлы айтты.
Ұлтай Зікірқызы – 50-ден астам ғылыми еңбек және мақалалардың, 6 авторлық куәліктің, 13 оқу-әдістемелік құралдың, «Физика мұғалімдерінің пәндік құзыреттілігін дамыту. 10-11 сыныптың қиын тақырыптары», «Физика бойынша білім мен дағдыларды қалыптастырудың заманауи білім беру технологиялары», «Пәнаралық интеграция негізінде физика пәнін тәжірибеге бағыттап оқыту» оқу бағдарламаларының авторы. «Болашақ» халықаралық бағдарламасы грантының иегері. Саналы ғұмырын білім және ғылым саласының дамуына, педагогтердің біліктілігін арттыруға арнаған ұстаз-ана, ғалым Ұлтай Зікірқызын мерейлі жасымен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.


