Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті мен «Өрлеу»-Павлодар филиалы аталмыш оқу ордасының студенттері үшін «Қазақстан мұғалімі» республикалық конкурсының «Үздік бейнеролик» номинациясының жеңімпазы атанған Павлодар қаласының №40 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Игорь Гноевоймен кездесу ұйымдастырды. Қонақты университеттің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев қарсы алып, білім алушылармен таныстырды.
Айта кетерлігі, жеңімпаздың ТікТок-қа жүктеген бейнеролигі 5 миллионнан астам қаралымға ие болып, ұстаздың бұл нәтижесін TikTok-пен қатар, #Қазақстанмұғалімдері бірлескен конкурсының тең ұйымдастырушылары, ҚР Оқу-ағарту және ҚР Ғылым және жоғары білім министрліктері ерекшелеп өткен.
Ал бүгін Игорь Андреевич кезінде өзі білім нәрімен сусындалған білім ордасының студенттермен кездесуге арнайы шақырылды. Жас мұғалім болашақ әріптестерімен әңгімелесіп, өзінің еңбек жолындағы алғашқы қадамдары, кездескен қиындықтары мен керемет сәттері туралы айтып өтті. Мұндай форматтағы кездесу студенттердің көңілдерінен шықты, бұл олардың оған қойған жиі сұрақтарынан, алдағы уақытта оның жетекшілігінде педагогикалық тәжірибеден өтеміз деген тілек білдірулерінен байқалды.
Сегіз жылдық еңбек жолы барысында Игорь Гноевой әрдайым белсенділік танытқан. «Өрлеу»-Павлодар қабырғасында біліктілігін арттырып, топтың ішінде ерекшелене біліп, «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық конкурсының қатысушысы болған. Жас ұстаздың бұл әрекеттері кәсіби қалыптасуына әсерін тигізгені сөзсіз.