2025 жылы 3 маусым күні Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты жалпы орта білім беретін мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәні педагогтеріне арналған курсаралық және курстан кейінгі қолдау аясындағы «Қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытудағы оқушы мотивациясын арттыру жолдары» тақырыбындағы шебер-сынып өткізілді. Іс-шараны модератор ретінде «Жаратылыстану-математикалық бағыттағы» кафедрасының аға оқытушысы Жангабулова Анар Асилхановна жүргізді.
Шебер-сыныптың негізгі мақсаты – қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыту барысында оқушы мотивациясын арттыруға бағытталған тиімді әдіс-тәсілдерді педагогтерге ұсыну, заманауи педагогикалық технологияларды меңгерту және мұғалімдердің кәсіби шеберлігін дамыту болды.
Іс-шара аясында төмендегідей міндеттер алға қойылды:
• Қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытуда кездесетін ішкі және сыртқы мотивация түрлерін талқылау;
• Мотивацияны арттыруға ықпал ететін әдіс-тәсілдер мен ойын түрлерін таныстыру және оларды тәжірибеде тиімді қолдану жолдарын көрсету;
• Оқушылардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттыру мақсатында оқу процесін жеке тұлғаға бағыттау тәсілдерін меңгерту;
• Педагогтер арасында кәсіби тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру және әдістемелік ынтымақтастықты нығайту;
• Цифрлық ресурстарды тиімді қолдану арқылы тілді оқыту үдерісін жаңғырту жолдарын көрсету.
Шебер-сынып барысында қатысушылар теориялық және практикалық бөлімдерге белсенді қатысып, мотивацияны арттырудың заманауи әдістерімен танысты. Атап айтқанда, оқушылардың ішкі (қызығушылық, өз бетінше даму ниеті, жетістікке жетуге ұмтылыс) және сыртқы (бағалау, марапат, әлеуметтік қолдау) мотивация көздеріне тоқталып, әрқайсысының оқу үдерісіне ықпал ету деңгейі талқыланды.
Шебер-сынып барысында мұғалімдер арасында кәсіби байланыс орнап, өзара тәжірибе алмасу арқылы әдістемелік қолдау тетіктері қалыптасты. Сонымен қатар, тіл үйретуде заманауи құралдарды тиімді пайдалану дағдылары жетілдірілді. Қатысушылар оқу процесін жеке тұлғаға бағыттау, дифференциациялау, шығармашылыққа жетелеу сияқты өзекті тәсілдермен танысып, оларды өз тәжірибесінде қолдану мүмкіндіктерін талқылады.
Шебер-сынып қорытындысында қатысушылар оқушы мотивациясын арттыруға бағытталған әдіс-тәсілдердің тиімділігін жоғары бағалап, ұсынылған тәжірибелердің практикалық мәні зор екенін атап өтті. Іс-шара өз мақсатына жетті және қатысушылардың кәсіби дамуына оң әсерін тигізді.
Қорытындылай келе, бұл шебер-сынып мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттырып қана қоймай, қазақ тілін екінші тіл ретінде үйретудің тиімді жолдарын жетілдіруге, оқыту үдерісін оқушы тұлғасына бейімдеуге және заманауи білім беру талаптарына сай жұмыс жүргізуге нақты үлес қосты.
