2025 жылдың 14 қарашасында Алматыдағы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған мазмұны терең, тәжірибеге бағытталған шебер-сынып өтті. Бұл іс-шара «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәндері бойынша жоғары ойлау дағдыларына негізделген тапсырмалар құрастыруды жетілдіруді мақсат еткен курстан кейінгі қолдау алаңы ретінде ұйымдастырылды. Шебер-сыныпты Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы кафедраның аға оқытушысы Есентаева Айжан Идрисовна жүргізді.
Аталған іс-шараға қыркүйек пен қазан айларында біліктілікті арттыру курсынан өткен педагогтер қатысты. Шебер-сынып іс-шарасының барысында институт директорының орынбасары Марлан Байжанов қатысушыларды құттықтап, мұндай қолдау алаңдарының мұғалімдердің кәсіби дамуына қосатын үлесін ерекше атап өтті. Ал кафедра меңгерушісі Салтанат Жақсылыққызы Арзымбетова курстан кейінгі тәжірибелік қолдаудың педагогикалық үдерісті жаңғыртудағы маңызын айтты.
Негізгі бөлімде Айжан Идрисовна жоғары ойлау мақсаттарына сай шығармашылық тапсырмаларды құрастырудың жаңартылған үлгілерін таныстырып, оларды оқу үдерісінде тиімді қолдану жолдарын көрсетті. Мұғалімдер тапсырмаларды жобалау, саралау және бағалау тәсілдеріне қатысты жаңа идеялар алып, өзара талқылау жүргізді.
Тәжірибе алаңы кезеңінде бірқатар педагог өздерінің авторлық тәсілдері мен жұмыстағы табысты тәжірибелерін бөлісті. №185 мектеп-гимназиясының мұғалімі, оқу ісі жөніндегі орынбасары Қали Ақылбек Самарханұлы халықаралық зерттеулер контекстіндегі пәндік салыстырмалы апробация жайлы баяндап, ғылыми-практикалық байланыстарды көрсетті. №178 лицейдің ұстазы Ауелбекова Айман Айтжановна жоғары ойлау оқу мақсаттарына сай шығармашылық тапсырмаларды дайындаудың әдістерін ұсынды. Абай ұлттық мектебінің мұғалімі, PhD докторант Мөлдір Сабырқызы Төлегенова көркем шығарманы талдаудың құрылымдық компоненттері мен көркемдік тәсілдерін қолдану тәжірибесін бөлісті.
№206 мектеп-гимназиясының педагог-зерттеушісі Құралай Қанатқызы Төлеуғали «5Е» моделі бойынша зерттеу және түсіндіру деңгейлеріне арналған тапсырмаларды құрастырудың тиімді үлгілерін көрсетті. Ал Абай ұлттық мектебінің мұғалімі Айша Нұрболатқызы Тұрлыбай шығармашылық жазылымды, әдеби сын мен зерттеушілік қабілетті дамытудың әдіс-тәсілдері туралы ой бөлісті. Сондай-ақ №107 лицейдің мұғалімі Фариза Қарлыбай және №160 мектептің мұғалімі Мөлдір Кеңес көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамытуға арналған практикалық тренинг ұйымдастырып, аудиторияны белсенді жұмысқа тартты.
Іс-шара барысында курс тыңдаушылары әзірлеген «Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында айтылым, жазылым, оқылым, тыңдалым дағдыларын жетілдіруге арналған сабақ жоспары үлгілері» атты жинақтың тұсаукесері өтті. Жинақты дайындауға жетекшілік еткен – аға оқытушы, тренер, гуманитарлық ғылымдарының магистрі Айжан Идрисовна Есентаева. Материалдарды жинақтауға Мухамет Әмина Қойшыбекқызы мен Даулетова Диана Даулетқызы және Байдуллаевна Ақжарқын Еркиновна атсалысып, олардың еңбектері институт атынан құрмет грамоталарымен марапатталды.
Іс-шара соңында қатысушылар өз әсерлерімен бөлісіп, шебер-сыныптың мазмұнының тереңдігін, практикалық маңызын және кәсіби қолдау форматындағы тиімділігін ерекше атап өтті. Шараны қорытындылағаннан кейін институт директорының орынбасары Марлан Байжанов педагогтерге сертификаттар, спикерлерге алғыс хаттар табыстады.

