2023 жылдың 12 қазанында Талғар ауданы Гүлдала ауылындағы №21 орта мектебінде «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен оқу мақсаттарын тиімді жоспарлау» тақырыбында Өрлеу Алматы облысы бойынша КДИ «Әдіснама және педагогикалық инновация» кафедрасының меңгерушісі Меруерт Бисенбаеваның ұйымдастыруымен облыстық семинар өтті.
Семинар жұмысына Институт директоры Қайсар Нұрлыбаев қатысып, педагогтерге қатысты мәселелер төңірегінде мұғалімдермен пікір алмасты.
Облыстық семинардың мақсаты жалпы білім беретін мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәні сабақтарында пән мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін арттырып, оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудағы іс-тәжірибелерін ортаға салу.
Семинарға Іле, Талғар, Қарасай, Жамбыл, Еңбекшіқазақ аудандары мен Қонаев қаласының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатысты. Пән мұғалімдері оқуға негізделген тиімді сабақ жоспарлау мақсатында коучинг, шебер сынып, панорамалық сабақтар көрсетіп, өзара іс-тәжірибе алмасу алаңын жасады. Талғар аудандық оқу әдістемелік орталығының әдіскері Айнур Бидасова іс-шараға қатысқан пән мұғалімдерінің жұмыстарына жоғары бағасын берді.
Өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде педагогке қояр талап та жоғары. Сондықтан әр ұстаз өз сабағын тиянақты пысықтап, оны тиімді жоспарлау – зор жауапкершілікті міндеттейді.








