Атырауда ұстаздарға арналған «Қаржылық сауаттылық негіздері» атты бес күндік алғашқы курс өз мәресіне жетті. Бағдарлама ҚР Ұлттық Банкі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының бірлескен ынтымақтастығы аясында жүзеге асуда.
Оқыту барысында тыңдаушылар қаржылық мінез-құлық психологиясы, отбасылық бюджет жүргізу, инфляция мен несиенің ерекшеліктері, инвестициялау қағидалары, цифрлық активтерді пайдалану, қаржы пирамидалары мен интернет-алаяқтықтан қорғану тақырыптарында білім алды.
Алғашқы топқа Атырау қаласы мен аудан мектептерінен 25 педагог қатысты. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы – Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институтының директорының орынбасары Балауса Жалмуханова тыңдаушыларға курсты аяқтағаны туралы сертификат табыстап, оларды құттықтап, жаңа білім кәсіби жетістіктерге жетуге және шәкірттеріне қаржылық сауаттылықты үйретуге септігін тигізсін деген тілегін білдірді.
«Бүгін сіздер кәсіби дамуға қарай маңызды қадам жасадыңыздар. Алған білімдеріңіз еңбектеріңізге берік негіз болып, қаржыны дұрыс басқара білетін ұрпақ тәрбиелеуге жол ашсын», — деді Балауса Хоныспаевна.
Жыл соңына дейін облыста тағы 7 курс өткізіліп, барлығы 180 педагог қамтылады деп жоспарлануда.
Курсты сәтті аяқтаған әріптестерімізді шын жүректен құттықтаймыз! Жаңа білім кәсіби дамуларыңызға серпін беріп, қоғамның қаржылық мәдениетін арттыруға үлес қоссын.