Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
«Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет», – деп қазақтың даңқты батыры, жазушы Бауыржан Момышұлы айтпақшы, мемлекеттің дамуы мен ұрпақ тәрбиесіндегі ұстаздардың еңбегі ерен. Жастардың бойына рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді дарытып, олардың тұлға болып қалыптасуына қосқан үлесіңіз өлшеусіз.
Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заң ұстаздардың қоғамдағы орнын айқындап, құқықтық мәртебесін бекітті. Осыдан кейін мұғалімдерді әлеуметтік тұрғыдан қолдау шаралары күшейтіліп, жалақы кезең-кезеңімен екі есеге дейін өсті. Бұл – мемлекет тарапынан мұғалім еңбегіне деген зор сенім мен қамқорлықтың көрінісі.
Педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ету үшін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы да кешенді жұмыстар атқарып келеді. Жыл сайын орталық базасында еліміз бойынша 100 мыңға жуық педагог біліктілігін арттырады. Оқу бағдарламалары үнемі жаңарып, пәндік құзіреттілік, инклюзивті білім беру, көшбасшылық, инновациялар мен робототехника және т.б. бағыттар қамтылуда.
Заман талабына сай мұғалімдердің цифрлық дағдыларын дамыту да басты назарда. Биыл алғаш рет жасанды интеллектіні қолдануға арналған халықаралық онлайн-курс іске қосылып, бір жарым айдың ішінде 270 мыңға жуық педагог қатысып, 200 мыңы куәлік алды. Бұдан бөлек, ҚР Ұлттық Банкпен бірлескен қаржылық сауаттылық жобасы аясында екі жылда 10 мыңға жуық мұғалім өз біліктілігін арттырады.
Педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуына арналған «Ұстаз» ұлттық платформасы да табысты жұмыс істеп тұр. Соның нәтижесінде биыл алғаш рет 94 мыңнан астам мұғалім аттестациядан толықтай цифрлық жүйе арқылы өтті. Бұл – ұстаз еңбегін әділ бағалауға және олардың кәсіби жолын қолдауға жасалған маңызды қадам.
Құрметті әріптестер!
«Қоғамның кемелдігі мен өркениеттілік деңгейі ұстазға деген құрметпен өлшенеді», – деген Мемлекет басшысының сөзі ұстаз еңбегінің шынайы бағасын айқындайды. Осы ұлағатты жолда баршаңызға мықты денсаулық, еңбекте табыс пен шығармашылық шабыт тілеймін!
Құрметпен,
Айдана Шилибекова
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Басқарма төрағасы