2025 жылдың 23–29 желтоқсан аралығында «Көркем еңбек» және «Музыка» пәні мұғалімдеріне арналған «Өнерлі ұстаз» қалалық байқауы өтті.
Қалалық байқауға «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша Кәсіби даму институтының «Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы» кафедрасының аға оқытушысы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанты, педагогика ғылымдарының магистрі Ибраева Жанар, сондай-ақ аталған кафедраның аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, тренер Фатима Серікбайқызы әділ қазылар алқасының құрамында болып, іс-шараға белсене атсалысты.
Байқаудың негізгі мақсаты:
- педагогтердің оқыту үдерісінде заманауи әдіс-тәсілдер мен технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект (ЖИ) мүмкіндіктерін тиімді қолдануын насихаттау;
- оқыту стратегияларын мақсатқа жетуде ұтымды пайдалану;
- сандық ресурстар мен оқу материалдарын тиімді қолдану.
Байқау кезеңдері:
- І тур – «Шығармашыл педагог – сапалы білім» тақырыбында шеберлік сабағы;
- ІІ тур – «Менің сүйікті мамандығым» тақырыбындағы таныстырылым;
- ІІІ тур – «Ұстаз және өнер» кезеңі.
Аталған кезеңдерді сараптамалық кеңес мүшелері бағалады.
Байқау аясында педагогтер:
- әдістемелік және технологиялық ЖИ әдіс-тәсілдерін, соның ішінде ЖИ құралдарын қолданудың тиімділігін көрсетті;
- шешендік шеберлігін (қысқа уақыт ішінде ойын нақты жеткізе білуі, сөйлеу мәдениеті, сахна мәдениеті, аудиториямен байланыс орнату қабілеті) танытты;
- кәсіби имиджі мен өзін-өзі таныстыру стилін, шығармашылық әлеуетін және ұлттық құндылықтарды насихаттау деңгейін көрсетті.
«Өнерлі ұстаз» қалалық байқауын ұйымдастырған Алматы қаласы Білім басқармасына, Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының әдіскерлері Чайзаданова Гүлсім Сейітқалиқызына және Баймаханбетова Алима Нұржановнаға шексіз алғыс білдіреміз.
Сондай-ақ байқау аясында өнер көрсеткен белгілі әнші-сазгерлерге шығармашылық шабыт пен толағай табыс тілейміз.
«Көркем еңбек» және «Музыка» пәні мұғалімдеріне арналған «Өнерлі ұстаз» қалалық байқауы жоғары деңгейде өтті.

