2025 жылғы 8–9 тамызда Түркістанда алғаш рет «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығының желілік тамыз конференциясы өтті.
Пленарлық отырысқа офлайн форматта 120-дан астам адам – құрылымдық бөлім басшылары, филиал ұжымы мен қонақтар, сондай-ақ онлайн режимде 500-ден аса қатысушы – республика өңірлеріндегі «Өрлеу» өкілдері қатысты.
Іс-шарада Басқарма төрағасы А.С. Шилибекова – даму стратегиясы мен жеткен нәтижелер жайлы, төраға орынбасары А.Б. Мейірқұлова – білім беру бағдарламаларының академиялық дизайны жөнінде баяндама жасады. Ал төраға орынбасары М.Д. Турашев «Өрлеудің» цифрлық экожүйесін таныстырды. Пленарлық бағдарлама мазмұнды болып, қатысушылар үшін практикалық құндылығы жоғары тақырыптарды қамтыды.
Салтанатты жиында ұстаздық жолда қажырлы еңбек етіп жүрген әріптестеріміз ҚР Оқу-ағарту министрлігі атынан мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болды.
Марапаттарды ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Бекболатұлы Жұмашев табыс етті.
«Еңбек ардагері» медалімен марапатталған әріптестер:
• Жұманов Ержан Қадырбекұлы – Түркістан облысы бойынша филиалдың аға оқытушысы
• Уәлиев Серік Сұлтанбекұлы – Ақмола облысы бойынша филиалдың аға оқытушысы
• Разбекова Зәуре Қайырқызы – Қарағанды облысы бойынша филиалдың аға оқытушысы
• Бухарбаев Болат Қаироллаұлы – Ақтөбе облысы бойынша филиалдың кафедра меңгерушісі
«ҚР Оқу-ағарту министрлігінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған үздік мамандар:
• Сүлейменова Гүлнар Абдоллақызы – Алматы қаласы бойынша филиалдың аға оқытушысы
• Ахметниязова Айгүл Жұматқызы – Павлодар облысы бойынша филиалдың кафедра меңгерушісі
• Қаркабаева Пәрида Пазылқызы – Жамбыл облысы бойынша филиалдың аға оқытушысы
• Керімбеков Мұхтар Апенұлы – Шымкент қаласы бойынша филиалдың оқу бөлімінің басшысы
• Айдарбек Бәкіржан Әшірәліұлы – Түркістан облысы бойынша филиалдың аға оқытушысы
«Құрмет грамотасымен» марапатталғандар:
• Жанғалиева Лауле Еркенқызы – Қостанай облысы бойынша филиалдың аға оқытушысы
Конференция аясында Стратегиялық сессия «Көшбасшылық тактикасы: стратегиядан іс-қимылға дейін»атты стратегиялық сессия өтті. Оны Стратегия және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры А.Е. Рахимбекова жүргізді. Сондай-ақ, басқарма төрағасының кеңесшісі А.Ж. Култуманов «Стратегиядан нәтижеге дейін: мақсаттарды декомпозициялау, міндеттерді нақтылау және индикаторлар мен көрсеткіштер жүйесін құру» тақырыбында білім беру ортасында көшбасшылық стратегияларын жүзеге асырудың негізгі қырларын ашып көрсеткен мазмұнды баяндама жасады.
Конференция бағдарламасының маңызды бөліктерінің бірі – «Білім мазмұны: оқу бағдарламалары, курсты ұйымдастыру және бағалау, курстан кейінгі қолдау» тақырыбындағы академиялық сессия болды. Онда басқарма төрағасының орынбасары А.Б. Мейірқұлова және департамент басшылары Г.М. Жайлауова, С.А. Вильданова және А.К. Жұмыкбаева білім беру бағдарламаларын жетілдіру мен бағалау жүйесін дамытуға қатысты талдамалық деректерді ұсынып, тәжірибеге негізделген ұсыныстарын ортаға салды.
«Өрлеудің ғылыми-педагогикалық басымдықтары» атты ғылыми-әдістемелік сессияда Н.Т. Шора мен А.Е. Рахимбекова сөз сөйлеп, білім мазмұнын жаңарту, инновациялық әдістерді енгізу және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағыттарындағы басымдықтарды айқындады.
Сонымен қатар, Түркістан облысының тренерлеріне арналған арнайы сессиялар ұйымдастырылды. Олардың қатарында «Бағалау нәтижелерін талдау» (А.К. Жұмыкбаева) және «Ғылыми-зерттеу іс-әрекетінің дизайны» (Н.Т. Шора) тақырыптары болды. Бұл сессияларда бағалау нәтижелерін интерпретациялаудың заманауи тәсілдері мен педагогтердің зерттеу жұмысын жоспарлау және ұйымдастырудың әдістемелік ерекшеліктері талқыланды. Персоналды басқару департаментінің директоры В.А. Мусарова оқытушыларға арналған «Өрлеу» тренерін сертификаттау моделі» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.
9 тамызда конференция аясында «Өрлеу» филиалдарының 2025–2029 жылдарға арналған Даму стратегиясын іске асыру бойынша іс-қимыл жоспары ұсынылды. Бағдарламаның жеке бөлігі ретінде Strategic Pitch форматы ұсынылды. Онда құрылымдық бөлім басшылары филиалдар мен өкілдіктердің даму стратегиясын жүзеге асыруға арналған жоспарларын таныстырды.
Талқылаудың жалғасы ретінде CrossTalk – орталық аппарат басшылығының қатысуымен өткен сараптамалық кері байланыс сессиясы ұйымдастырылды. Оған басқарма төрағасы А.С. Шилибекова, төраға орынбасарлары А.Б. Мейірқұлова және М.Д. Турашев қатысты.
«Өрлеу» жобалар портфелі секциясында Орталықтың негізгі бастамалары мен ұлттық және халықаралық серіктестермен бірлескен жобалары таныстырылды:
«Педагогті психологиялық қолдау» жобасы – З.Т. Қашкенова;
«Қаржылық сауаттылық негіздері» Ұлттық банкпен білескен жоба – Г.М. Жайлауова;
«Jas Leader Akademiasy» Б.Өтемұратов қорымен бірлескен жоба – М.О. Искакова;
«Accelerating English Language Learning in Central Asia» Британ кеңесімен бірлескен жоба – Г.Б. Мырзакулова;
«Тренердің жеке кәсіби даму траекториясы» тренерлік сессиясы – В.А. Мусарова.
Осылайша, «Өрлеудің» «Педагогтің үздіксіз кәсіби дамуы: жаңа міндеттер мен шешімдер» атты тамыз конференциясы филиалдар арасындағы тәжірибе алмасуға және заманауи білім беру ортасын дамытуға бағытталған нақты қадамдарды талқылауға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.

