«Өрлеу» БАҰО АҚ Атырау облысы бойынша кәсіби даму институтының директоры тағайындалды

Галимжанова Маржан Әнесқызы «Өрлеу» БАҰО АҚ Атырау облысы бойынша кәсіби даму институтының директоры болып тағайындалғанын хабарлаймыз. Ол 1968 жылғы 26 қазанда Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. Білімі – жоғары, академиялық.

1985 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) оқуға түсіп, оны 1990 жылы «қолданбалы математика» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірген. Еңбек жолын 1990 жылы облыстық статистика басқармасында инженер-бағдарламашы болып бастаған. 1991–2002 жылдар аралығында техникалық лицей мен Ы. Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектепте мұғалім болып жұмыс істеген. 2002–2011 жылдары Атырау облыстық біліктілікті арттыру және кадрларды қайта даярлау институтында әдіскер, кабинет меңгерушісі, директордың орынбасары қызметтерін атқарған. 2011–2012 жылдары Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында проректор міндетін атқарған. 2012–2021 жылдары «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Атырау облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры болған. 2021–2022 жылдары Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде кафедра меңгерушісі қызметін атқарды. 2022 жылдан бастап Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында ғалым хатшы, институт директоры қызметтерін атқарып келеді. 2024 жылдан бастап аталған академияның орталығын басқарады.

Жалпы еңбек өтілі – 35 жыл, оның ішінде 18 жылы – басшылық лауазымдарда.

2008 жылы педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғаған. 2011 жылдан бастап Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі. 2024–2025 жылдары «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында Ұлыбританияның University of Reading оқу орнында «Білім беру менеджменті» мамандығы бойынша ғылыми тағылымдамадан өткен.

Маржан Әнесқызы – оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді бағалау жөніндегі сарапшы, Microsoft корпорациясының Multimedia Education Resource тьюторы, ЮНЕСКО аясында Қазақстан мектептеріне электрондық оқытуды енгізу жөніндегі маман, Германияда – Microsoft Office маманы, Алматыда – MERiTS бағдарламасының тьюторы және «Пифагор» мультимедиа кешенімен жұмыс істеу бойынша тренер-кеңесші, сондай-ақ Intel «Болашаққа білім беру» бағдарламасының ХХІ ғасырдағы ақпараттық-білім беру технологияларына кіріспе курсы бойынша тьютор.

Бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру жобаларының жұмыс тобының мүшесі, екі монографияның, 19 оқу-әдістемелік ұсынымның, 19 оқулықтың, 13 электрондық оқу құралының және 12 оқу-әдістемелік кешеннің авторы және теңавторы. Зерттеу жұмыстарының нәтижелері Scopus базасына енгізілген ғылыми журналдарда жарияланған. Бір авторлық куәлігі бар.

Марапаттары:

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медалі, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі,  «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, Ресей білім беру жүйесіне қосқан үлесі үшін медаль,

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА, «Өрлеу» АҚ, Атырау облысы әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары.

Галимжанова М.Ә. – республикалық ғылыми-әдістемелік журналдардың («Алтынсарин академиясының хабаршысы», «Білім беру ұйымы басшысының анықтамалығы», «Мектепке дейінгі ұйым басшысының анықтамалығы», «Сынып жетекшінің анықтамалығы», «Білім беру ұйымы әдіскері», «Музыка жетекшісінің анықтамалығы», «Дара бала») редакциялық алқа мүшесі, сондай-ақ іскер әйелдер қауымдастығы мен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Наши филиалы

OUR BRANCHES

Біздің филиалдар