«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы мен ҚР Ұлттық банкі қаржылық сауаттылық негіздері бойынша бірлескен білім беру жобасын іске қосады. Бұл бастама – Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған халықпен ағарту жұмысының маңыздылығын жүзеге асыруға бағытталған нақты қадам.
Жаңа курс – теория мен тәжірибені тиімді ұштастырған, заманауи талаптарға сай білім беру моделі. Оқыту үдерісі қаржы саласының сарапшыларының қатысуымен интерактивті форматта өтеді. Бағдарлама 40 академиялық сағатқа есептелген және цифрлық қаржы, инвестициялық мінез-құлық, алаяқтықтан қорғану тәсілдері сынды өзекті тақырыптарды қамтиды. Курс Қазақстанның барлық өңірлерінде қолжетімді.
Қатысушыларға бейнесабақтар, жаттығулар, анимациялық материалдар, практикалық кейстер мен co-teaching форматы ұсынылады. Бұл қысқа мерзімде қажетті қолдау алуға мүмкіндік береді. Жобаның негізгі мақсаты – азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, жеке қаржысын басқаруда сенімділігін нығайту және қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Жоба 2025 жылғы қыркүйекте іске қосылады. Бұл – «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы мен Ұлттық банк арасындағы академиялық, цифрлық және әдістемелік деңгейлердегі тығыз ынтымақтастықтың нәтижесі.