Бүгін Астанада Орталық Азияда ағылшын Тілін Оқытуды Жеделдетуге арналған білім беру бағдарламасы (AELLCA) аясында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының шебер-тренерлерін оқыту басталды.
Бағдарлама аясында сарапшы-тренерлер, шебер-тренерлер және пәндік тренерлер дайындалып, елімізде біліктілікті арттыру курстарының сапалы іске асырылуын қамтамасыз етеді.
Тренерлерді оқыту бағдарламасын British Council Kazakhstan және Ұлыбританияның Norwich Institute for Language Education (NILE) ұйымы бірлесіп әзірледі.
Іріктеу нәтижесінде бағдарламаға қабылданған 20 үміткердің ішінде «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Қызжібек Абдраманова, жаратылыстану-математикалық бағыттағы кафедра меңгерушісі Жанар Жубауова бар. Шебер-тренерлер бірнеше кезеңнен тұратын оқыту процесінен өтіп, British Council сертификатына ие болады.
Оқыту аяқталғаннан кейін шебер-тренерлер Өрлеудің пәндік тренерлерін даярлауға, 2026 жылдың басында жоспарланған бағдарламаның практикалық кезеңдерін жүзеге асыруға кіріседі.






