
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Аида Мейірқұлова Оңтүстік Кореяда өткен шетелдегі корей педагогтерінің XXIII Халықаралық конференциясына қатысты. Басқосу 7–11 шілде аралығында өтті.
«Sustainable Korean Language Education in the Big Data Era» атты форумға 23 елден келген 200-ден астам оқытушы, білім саласының сарапшысы мен әкімшілік өкілі қатысып, тәжірибе алмасты.
Конференция аясында үш негізгі бағытқа ерекше назар аударылды: корей тілін оқытудағы инновациялық әдістер мен білім беру ортасын цифрландыру; тіл үйретуде корей мәдениетінің рөлі және мәдениетаралық коммуникация; шетелдегі ұлттық оқу бағдарламаларын әдістемелік тұрғыда қолдау және дамыту. Қатысушылар әр елдің оқыту стратегияларымен бөлісіп, үздік тәжірибелерді талқылады.

Бағдарлама шеңберінде делегация заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті белсенді қолданатын YISUNSIN HIGH SCHOOL мектебіне, сондай-ақ әлемдік QS рейтингі бойынша алғашқы елуге кіретін жетекші оқу орны — YONSEI UNIVERSITY жанындағы Тіл институтына барды.
Ауқымды шара корей тілін оқыту мен білім беру инновациялары саласындағы халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналды.