Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында мұғалімдер мен оқушылардың қаржылық сауаттылығын күшейтуге бағытталған ауқымды жоба жалғасуда. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы мен ҚР Ұлттық банкі бірлесіп жүзеге асырған бағдарлама бойынша биыл жоспарланған курстар толық аяқталды. Келесі жылы тағы шамамен 4 мыңға жуық педагог оқытудан өтеді.
Оқу бағдарламасы қаржы және білім беру саласындағы халықаралық сарапшылардың ұсынымдары негізінде әзірленген. Курс барысында ұстаздар отбасылық бюджетті жоспарлау, инвестиция, цифрлық активтерді басқару, несие және зейнетақы жүйесін түсіну сияқты дағдыларды меңгерді. Сондай-ақ, интернет алаяқтарды ажырату, жеке деректерді қорғау жолдарын үйренді.
Бағдармалама мектеп пен колледждерде «Жаһандық құзыреттілік» пәнін оқытатын педагогтерге арналған. Курстан өткен мұғалімдер алған білімін оқу процесінде қолдана отырып, оқушылардың қаржылық сауаттылығын дамытуға ықпал етуде.

