2022 жылғы 29 наурызда Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Мұғалімдер үйінде» «ШЖМ дебаттық қозғалысын дамыту» тақырыбы бойынша облыстық on-line семинар өтті, оған 120 педагог қатысты.
Өзара ынтымақтастық мақсатында директор, п.ғ. к. Г.С. Жуманова мен “SAMGA” даму орталығының директоры А. К. Конилхан меморандумға қол қойды. Тараптар алдағы уақытта бірлескен оқыту семинарларын, турнирлер, конференциялар және басқа да іс-шаралар өткізу бойынша өзара ынтымақтастық саласын айқындайды.
Семинар барысында “SAMGA” даму орталығының даму жөніндегі директоры, дебат және шешендік өнер бойынша тренер Н. Е.Шайзанова педагогтердің назарын пікірсайыстың негізгі қағидаттары мен форматтарына аударды, сондай-ақ олардың артықшылықтарын ашты. Аягөз, Алтай, Бородулиха, Глубокое, Күршім, Үржар және Тарбағатай аудандарының педагогтері ұсынылған тақырып бойынша жұмыс тәжірибелерімен бөлісті. Көтерілген мәселелер кешені қатысушылар арасында қызу талқылау мен пікір алмасуды тудырды.
Семинар соңында ұсыныстар қабылданды, қатысушылар осы тақырыптың өзектілігін және шағын жинақталған мектептердің оқу-тәрбие процесіне дебаттық технологияны енгізудің қажеттілігін атап өтті.

