Бүгін Қазақ еліндегі саяси қуғын-сүргін кесірінен жазықсыз жапа шеккен арыстарымыз бен ашаршылық құрбандарын еске алу, олардың рухтарына құрмет көрсету күні!
1997 жылы 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жрияланды. Осы кезден бастап 31-мамырда Республика бойынша елімізде әртүрлі шаралар ұйымдастырылуда. Содыр саясаттың қанды қылышына ілккен тарихымыздан сыр шертетін мемориалдар жасалып, мұражайлар ашылды.
Алматы – Талғар тас жолының бойындағы Тұздыбастауда орнатылған «Алаш Орда» арыстарына тағзым!» мемориалы мен Алматы облысына қарасты Жаңалық ауылындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражай табалдырығын аттаған адам өртке оранған тарих пен құмыққан тағдыр, зұлмат сойқанын сезінеді. Музейдің экспозициялық залында ұлт қайраткерлері туралы материалдар қойылып, осы жерде жерленген 4 мыңнан аса саяси-қуғын сүргін құрбандарының аты-жөндері тас тақтаға ойылып жазылған.
Қазақ ұлтының қабырғасын қайыстыратын нәубет жылдардың куәсіндей болған мұражай мен «Алаш Орда» арыстарына тағзым!» мемориалына Еске алу күні гүл себеттерімен келіп тағзым жасап, құран бағыштаушылар топ-тобымен келуде. Жылдағы дәстүрі бойынша мұнда «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің мүшелері арнайы көлікпен келді. Қатыгез саясаттың зобалаңына тап келген өр тұлғалы қайсар бабаларымыздың еңбегі мен көпке үлгі болар ұстанымдарын дәріптейтін көзі қарақты ұрпағы осынау киелі мекенге тағзым етіп, Құран оқып, ас беруде.
Қатыгездікке тап келсе де қатыгездікке бой алдырмаған Жаңа Қазақстанның Тәуелсіздігі тұғырлы болғай.