2022 жылдың 21 қыркүйек күні Жамбыл-«Өрлеу» базасында облыстық білім басқармасы (бөлімдері) өкілдерінің қатысуымен «Мектепке дейінгі білім беру жүйесінде педагогтердің инклюзивті құзыреттілігін қалыптастыру» тақырыбында республикалық on-line семинар өтті. Семинарға инклюзивті білім беруге жетекшілік ететін білім басқармаларының (бөлімдерінің) мамандары, білім беру ұйымдарының -мектепке дейінгі ұйымдар, жалпы білім беретін және арнайы түзету мектептерінің мұғалімдері, жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың өкілдері, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалдарының педагогикалық ұжымы, отандық және шетелдік серіктестіктер, ата-аналар және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты. Қазақстанның әр өңірінен қатысқан спикерлер – А.Баграмова (Қарағанды), Н.Боранбаева (Астана), М.Тасқара (Қызылорда облысы), Н.Мәмбетова, В.Василевская, Е.Рязанова, К.Тайшабарова (Тараз) баяндама жасап, шеберлік сыныптар арқылы ерекше білім беруді қажет ететін балалармен мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысын тәжірибемен көрсетті. Семинар барысында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында инклюзивті кеңістікті жобалау бойынша тиімді тәжірибе алмасу болды. Мектепке дейінгі ұйымда ЕББ қажет ететін баланың отбасына көмек пен қолдау көрсету жолдарын және инклюзия жағдайында педагогтердің қосымша кәсіби құзыреттілігін дамытудағы тиімді заманауи білім беру технологияларын ұсынды. Семинар пікір алмасу және ұсыныстар түріндегі қорытындылаумен аяқталды. Семинарға қатысушылары ұйымдастырылуы мен іс-шараның жалпы атмосферасын жоғары бағалады. Семинардың артықшылығы ретінде тақырыптың өзектілігі, ұсынылатын жұмыс түрлерінің әр түрлілігі, материалды ұсынудың қолжетімділігі мен мазмұндылығы ерекше аталды.

