Жамбыл облысы педагогтері «Жаһандық құзыреттіліктер» тақырыбында біліктілікті арттыру курстарынан өтуді жалғастыруда. Курсты «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалының Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институты ұйымдастырып отыр. Елімізде оқыту әдістемелері жаңартылып отыратындықтан, заман талабына сай ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру шараларына басымдық берілген. Әлемдегі қазіргі жаһандық өзгерістер мен еңбек нарығы адамдарда жаңа құзыреттер болуын талап етеді. Сондықтан да мектептерде ерте жастан жаһандық сын-қатерлерге төтеп беретін құзыретті тұлға қалыптастыру үшін оқу жоспарына 5-11 сыныптарда «Жаһандық құзыреттіліктер» курсы енгізілгені белгілі. Аталған біліктілік курстарына облыс мектептерінен 340 мұғалімді қатыстыру жоспарланған, қазіргі уақытта курстың алғашқы легінде 30 мұғалім біліктілік арттыруда. Курс тыңдаушылары жаһандық құзыреттілік курсының бағдарлама құрылымымен танысып, мақсат-міндеттерін ұғынады, халықаралық және отандық цифрлық платформаларды зерттейді және оларды сабақтарды тиімді ұйымдастыру және өткізу үшін пайдаланады. Сондай-ақ педагогтер теориялық білімдерімен қатар, практикалық дағдыларын қалыптастырып, курсты оқытудың ұйымдастырушылық, мазмұндық, әдістемелік, тұжырымдамалық негіздерін толық меңгереді.
