Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім – тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт – бағдар беруде ұстаздардың еңбегі зор.
30 қыркүйек күні Ақтөбе облысы бойынша Кәсіби даму институты білім саласы қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында облыстың жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүрген ұлағатты ұстаздарды, серіктестік аясында бірқатар білім беру ұйымдарының басшыларын кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Институт директоры, ф.ғ.к. Н.М.Абишева тәуелсіз елдің білімді ұрпағына өнегелі тәрбие мен сапалы білім берудегі еңбектері үшін алғысын білдіріп, Құрмет грамоталарын табыстады, педагогтардың бүгінгі ел болашағын тәрбиелеудегі рөліне ерекше тоқталды.
Ақтөбе облысы бойынша Кәсіби даму институты барша ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, кәсіби жетiстiктер, шығармашылық ізденістер, толағай табыс тілейміз!




