Облысымыздың Ұстаздар Үйі республиканың түпкір-түпкірінен (Туркестан, Шымкент, Маңғыстау, Ақтөбе, Қарағанды, Алматы) мұғалімдерді қарсы алды. Әріптестеріміз Қанипа Бітібаеваның атындағы қазақ тілі және әдебиет пәнінен өтіп жатқан республикалық олимпиадаға шәкірттерін әкелген еді. Шырайлы Шығысқа келген қонақтарға Ұстаздар Үйіне экскурсия жүргізіліп, филиалымыздың тақырыптық кабинеттерінің, бейне студияның жұмыстары көрсетілді, филиалда шығарылатын басылымдар таныстырылды.
Тарих залында Қанипа Омарғалиқызының шәкірті филология ғылымдарының кандидаты, аға оқытушысы Құрманова Жұпар Сақанқызы Қ. Бітібаеваның атаулы лабораториясының ашылуына Институттың үлесі зор екендігін атап өтті. ШҚО филиалы Қ.О. Бітібаеваның қазақ әдебиетін тереңдетіп оқыту технологиясын, оқыту әдістемесін үш томдық жинаққа кіргізіп, баспадан шығарды, курсқа келген қазақ тілі мұғалімдеріне кеңінен таратты. Ұстаздар үйіне хош келдіңіздер, әріптестер, шығармашылық байланыста болайық! Ұстаздар үйінің есігі әрдайым ашық!




